Қазақстанда қонақүйлерге жаңа стандарт енгізіледі: не өзгереді

315
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: коллаж DKNews.kz/AI-generated

Қазақстанда қонақүй қызметінің жаңа стандарты бекітілді. 2027 жылғы 1 наурыздан бастап нөмірді брондаудан бастап тамақтану, тазалық пен қауіпсіздікке дейінгі қызмет көрсету талаптарын қамтитын ұлттық стандарт қолданысқа енеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚазСтандарт «Туризм және ілеспе қызметтер. Қонақүйлер. Қызметтерге қойылатын талаптар» ҚР СТ ISO 22483-2026 құжатын халықаралық ISO 22483:2020 стандарты негізінде әзірледі. Оны ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті.

Жаңа стандарт қонақүйлердің жұлдыз санына қарамастан, барлық санатына арналған.

Нөмір дайын болмаса, қонаққа қосымша қызмет ұсынылады

Жаңа стандарттағы көпшілікке қызықты талаптардың бірі саяхатшылар жиі кездесетін жағдайға қатысты. Қонақ белгіленген уақытта келгенімен, алдын ала брондаған нөмірі әлі дайын болмауы мүмкін.

Мұндай жағдайда қонақүй қызметкерлері жолжүкті сақтау орнына қалдыруды ұсынып, күту кезінде қосымша қызмет көрсетуі тиіс. Мысалы, қонаққа шай ұсына алады.

Қонақүйлер орналасу және шығу уақытын бұрынғыдай өздері белгілейді. Дегенмен стандарт қонақтарды нөмірге орналастыруды сағат 14:00-ден кешіктірмей бастауды, ал шығу уақытын 12:00-ден ерте белгілемеуді ұсынады.

Брондау өтінімі 24 сағат ішінде қаралады

Клиент нөмірді брондамас бұрын тұру құны, алдын ала төлем жасау қажеттігі және броннан бас тарту шарттары туралы толық ақпарат алуы тиіс.

Қонақүйге брондау өтінімін қарауға 24 сағатқа дейін уақыт беріледі.

Бұл саяхатшыларға шығындарын алдын ала есептеуге және сапар жоспары өзгерген жағдайда броннан қандай шарттармен бас тарта алатынын білуге мүмкіндік береді.

Қонақтардың тағамдық аллергиясы ескеріледі

Тамақтандыру қызметіне де жеке талаптар қойылған. Қонақтың белгілі бір тағамға аллергиясы болса, қызметкерлер ас мәзіріндегі тағамдардың құрамы туралы ақпарат беруге тиіс.

Клиенттің өтініші бойынша асүйде бар азық-түлікті ескере отырып, аллергия тудыратын қоспасы жоқ кемінде бір тағам ұсынылуы қажет.

Сонымен қатар қонақтарға тәулік бойы ауызсу қолжетімді болуы тиіс.

Нөмірлер күн сайын тазаланып, шағымдар тіркеледі

Қонақтар орналасқан нөмірлерді күн сайын тазалау көзделген. Алайда қызметкерлер демалушылардың жеке кеңістігін құрметтеуге міндетті.

Есікке «Мазаламаңыз» деген белгі ілінсе, тазалық жұмыстары кейінге қалдырылады. Ал қонақ нөмірде болған кезде бөлмені тазалау үшін оның рұқсатын алу қажет.

Қызмет сапасына қатысты шағымды ауызша да, жазбаша да беруге болады. Қонақүй әрбір өтінішті тіркеп, оны шешу үшін қандай шаралар қабылданғанын көрсетуге тиіс.

Қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге үйретіледі

Жаңа стандартта қонақтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, қонақүйдің кіреберісіндегі еден жуылғаннан кейін тайып құлау қаупін ескертетін арнайы белгі қойылуы қажет.

Бассейн маңындағы ақпараттық тақтайшаларда судың тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені немесе тыйым салынғаны және құтқарушының кезекшілігі туралы мәлімет көрсетілуі тиіс.

Құтқару құралдары көрнекі әрі қолжетімді жерде орналастырылады.

Төтенше жағдай туындаған кезде қызметкерлер алдын ала бекітілген жоспар бойынша әрекет етеді. Оларды оқыту бағдарламасына алғашқы медициналық көмек көрсету және жүрек-өкпе реанимациясының негізгі тәсілдері енгізіледі.

Құжатта қонақүйдің көрсететін қызметтеріне қарай азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру да қарастырылған.

Жаңа стандарт барлық қонақүй үшін міндетті ме?

Бұл жерде құқықтық ерекшелік бар. Қазақстан Республикасының «Стандарттау туралы» заңына сәйкес, заңнамада өзгеше көзделмесе, стандарттау жөніндегі құжаттар ерікті түрде қолданылады.

Алайда қонақүй өзінің осы стандартқа сәйкестігін ресми түрде мәлімдесе, оның талаптарын орындауға міндетті болады.

Демек, 2027 жылғы 1 наурыздан бастап елдегі барлық қонақүй жаңа талаптарға автоматты түрде көшпейді.

Қонақүй иелері үшін жаңа құжат қызмет сапасын бағалауға, қызметкерлерді оқытуға, мердігерлердің жұмысын бақылауға және міндеттерді нақты бөлуге көмектеседі.

Ал саяхатшылар үшін ұлттық стандартқа сәйкестік қонақүй таңдауда баға, орналасқан жері және өзге қонақтардың пікірлерімен қатар қосымша өлшем бола алады.

Бұған дейін біз Қазақстандағы ең үздік қонақүйлердің рейтингі және туристердің қызмет сапасына берген бағасы туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -