Көкшетауда жасырын есірткі қоймасы анықталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, 36 жастағы жергілікті тұрғын есірткі таратушыларды психотроптық заттармен қамтамасыз етіп, еңбекақысын криптовалютамен алып отырған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Ақмола облысының Полиция департаменті хабарлады. Арнайы операцияны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген.
Жарты келіден астам психотроптық зат тәркіленді
Күдіктіні ұстау кезінде жедел уәкілдер оның жанынан психотроптық зат салынған бірнеше орама тапқан. Ал есірткінің негізгі бөлігі тұрғылықты жерінен анықталды. Онда таратуға дайын 300-ден астам доза сақталған.
Тінту барысында синтетикалық есірткі салынған пластик ыдыстар, электронды таразы, қаптама материалдары және жасырын орындардың координаттары жазылған қойын дәптерлер тәркіленді.
Полицияның алдын ала мәліметінше, тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 500 грамнан асады. Барлық зат сараптамаға жіберілді.

Төрт ай бойы есірткі таратып, криптовалютамен ақы алған
Полиция мәліметінше, күдікті есірткіні заңсыз таратумен төрт айға жуық айналысқан болуы мүмкін. Бастапқыда ол есірткіні жасырын орындарға қалдырумен айналысса, кейін оны сақтау және мөлшерлеп қаптау міндетін атқаруға көшкен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті есірткі тарату тізбегінде делдал қызметін атқарып, басқа таратушыларды тыйым салынған заттармен қамтамасыз еткен.
Істің назар аударарлық тұсы — криптовалюта арқылы есеп айырысу. Полицияның мәліметінше, ер адам атқарған жұмысы үшін ақысын цифрлық активтермен алып отырған. Төлем көлемі жарияланған жоқ.
Полиция ықтимал сыбайластарды анықтап жатыр
Есірткінің заңсыз айналымы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің ықтимал сыбайластарын іздестіруде.
Көкшетаудағы есірткі тарату желісіне қанша адамның қатысы болуы мүмкін екені әзірге белгісіз.
Бұған дейін біз Қазақстанда есірткі бизнесінің қаржылық арналарына қарсы күрес аясында ІІМ 20 мыңға жуық криптоәмиянды тексеріп жатқаны туралы жазған едік.