Қазақстанға емделуге келетін шетелдіктер көбейіп келеді. Стоматологиялық қызметтерге сұраныстың артуына байланысты елімізде медициналық туризмді заңнамалық тұрғыда реттеу жоспарланып отыр. Бұл ретте қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін сақтау басты назарда болмақ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелдік пациенттерді Қазақстандағы медициналық қызметтердің қолжетімді бағасы мен жоғары сапасы қызықтырады.
Шетелдіктер Қазақстанға тіс имплантын салдыру үшін келеді
Стоматология медициналық туризмнің сұранысқа ие бағыттарының біріне айналып келеді. Қазақстан стоматологтары қауымдастығының деректеріне сүйенген вице-министр елімізге алыс шетелдерден де пациенттер келетінін айтты.
Кейбір елдерде тіс имплантын орнату бірнеше мың, тіпті ондаған мың доллар немесе еуро тұрады. Қазақстанда мұндай қызметтер әлдеқайда арзан.
«Қазақстанда медициналық тексеруден өту немесе тіс имплантын орнату айтарлықтай арзан, ал стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан біз ешкімнен кем түспейміз», — деді Тимур Сұлтанғазиев.
Қазақстандықтар үшін тіс емдеу қымбаттай ма?
Шетелдік пациенттер санының артуы жергілікті тұрғындар үшін стоматологиялық қызметтер бағасының қымбаттау қаупін туғызбай ма? Денсаулық сақтау министрлігі мұндай қауіп жоқ деп есептейді.
Ведомствоның пікірінше, шетелдік пациенттердің көбеюі медицина мамандарының табысын арттыруға ықпал етеді.
«Керісінше, шетелдік азаматтар саны артқан сайын стоматологиялық кабинеттерде жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табу мүмкіндігі көбейеді деп есептейміз. Бұл орта буын медицина қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де қатысты», — деді вице-министр.
Сонымен қатар стоматология саласына қосымша қаржыландыру көздерін тарту жоспарланып отыр. Сұлтанғазиевтің пікірінше, қосымша кіріс денсаулық сақтау саласының басқа бағыттарындағы жүктемені азайтуға септігін тигізуі мүмкін.
Шетелдік пациенттерге қызмет көрсету тәртібі белгіленеді
Қазақстан заңнамасына «медициналық туризм» ұғымын енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ елімізге емделуге келетін шетелдік азаматтарға медициналық қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі реттелмек.
Денсаулық сақтау министрлігі заңнамалық өзгерістер отандық клиникаларға қосымша инвестиция тартуға, шетелдік пациенттерге қызмет көрсетуден түсетін кірісті арттыруға және ел экономикасының дамуына ықпал етеді деп есептейді.
Алайда медициналық туризмді дамыту барысында Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттің басты басымдығы болып қала бермек.