Қазақстанда мәслихаттардың рөлі күшейіп келеді. 29 қарашадағы сайлаудан кейін депутаттарға кеңейтілген өкілеттіктер, жергілікті бюджеттердің ұлғаюы және ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жағдайында жұмыс істеуге тура келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселелер 25 қарашада Қоғамдық саясат институтының ұйымдастыруымен «Әділет» партиясы базасында өткен TALQYLAU диалог алаңының отырысында талқыланды. Құрылтай депутаттары, саясаттанушылар мен сарапшылар жаңарған мемлекеттік билік жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі мен міндеттеріне тоқталды.
Мәслихаттардың құзыреті 18-ден 31-ге дейін өсті
Соңғы жылдары өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Құрылтай депутаты Марат Шибутов ұсынған деректерге сәйкес, 2019–2025 жылдар аралығында жергілікті бюджеттердің кірісі 2,82 есе, шығысы 2,81 есе өскен.
Сонымен қатар жергілікті өкілді органдардың өкілеттігі кеңейді. 2019 жылдан бері барлық мәслихатқа 13 жаңа құзырет берілді. Жекелеген әкімшілік-аумақтық деңгейдегі мәслихаттар қосымша өкілеттіктерге ие болды.
«Құзыреттер саны артып келеді. Бұл әрбір депутаттың және жалпы мәслихаттардың билік мүмкіндігі әлдеқайда кеңейгенін білдіреді. Мәслихат депутаттары саяси үдерістің анағұрлым маңызды субъектілеріне айналып келеді», — деді Марат Шибутов.
Мұның өңір тұрғындары үшін практикалық маңызы зор. Жергілікті деңгейде бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған сайын бюджет шығыстарын, жол жөндеу жұмыстарын, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мен әлеуметтік жобалардың орындалуын депутаттық бақылаудың маңызы артады.
Өңірлердегі ауқымды құрылысты кім бақылайды?
Жаңа депутаттық корпустың маңызды міндеттерінің бірі инфрақұрылымдық жобаларды бақылау болмақ. 2027 жыл Жалпыхалықтық үлкен құрылыс жылы болып жарияланды.
Саясаттанушы, тәуелсіз шолушы Талғат Қалиев елімізде көптеген құрылыс жобасының жүзеге асырылуына байланысты туындайтын мәселелерге назар аударды.
«Олардың сапасын кім бақылайды, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын кім қадағалайды?» — деді Талғат Қалиев.
Оның айтуынша, мәслихат депутаттары сайлаушылармен тығыз байланыста және өз өңірлерінің мәселелерін жақсы біледі. Жобаларды іске асыру кезіндегі кемшіліктерді анықтап, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қатысты мәселелерді жергілікті деңгейде көтеруге болады.
Сондай-ақ саясаттанушы партияларға өңірлік кадрларды даярлау жұмысын күшейтуді, жас саясаткерлер мектептерін ашуды және әртүрлі облыстардың депутаттары арасындағы байланысты дамытуды ұсынды.
Жергілікті бюджет және халықтың сенімі
Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейген сайын депутаттардың өз жұмысына деген жауапкершілігі де артады. Олардың сайлау округіндегі мәселелерді қаншалықты жақсы білетіні және атқарушы билікпен тиімді жұмыс істей алуы маңызды.
Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Айдос Сарым болашақ депутаттар ең алдымен өз өңірлерінің қажеттіліктеріне назар аударуға тиіс екенін айтты.
«Мәслихаттар — өңірлік, жергілікті деңгейдегі органдар. Болашақ депутаттар жергілікті күн тәртібін, нақты елді мекеннің, ауданның, облыстың, қаланың көңіл күйін ескеруі керек», — деді Айдос Сарым.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина 2024 жылы әлемнің 30 елінде жүргізілген халықаралық сауалнаманың нәтижелерін келтірді. Зерттеу деректеріне сәйкес, жергілікті қауымдастықтарға деген сенім деңгейі 49%-ды, ал ұлттық институттарға деген сенім 40%-ды құраған.
Сарапшы мәслихаттармен қатар қоғамдық кеңестер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік органдардың рөліне де тоқталды.
«Жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту елдегі кез келген саяси үдерістің дамуы үшін аса маңызды», — деді Индира Рыстина.
Қазақстандықтар 3 447 депутатты сайлайды
Алдағы сайлау Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне еніп, бір палаталы парламент құрылғаннан кейін өкілді билік жүйесін жаңартудың қорытынды кезеңі болмақ.
«Бұл — жаңа Конституция бойынша өтетін алғашқы мәслихат сайлауы», — деді Марат Шибутов.
Кезектен тыс сайлау барлық деңгейдегі 228 мәслихатты қамтиды. Қазақстандықтар:
- облыстық мәслихаттарға 668 депутат;
- қалалық мәслихаттарға 626 депутат;
- аудандық мәслихаттарға 2 153 депутат сайлайды.
Сайлауға 11 мыңға жуық кандидат тіркелген. Елдегі жеті саяси партияның барлығы сайлауға қатысуға жіберілді.
Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттары депутаттарының жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандатты округтер арқылы сайланады. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандатты округтер бойынша сайланады.

29 қарашада дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Жаңадан сайланған депутаттар алдағы бес жылда өңірлік бюджеттерді бөлуге, елді мекендерді дамытуға және тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдерді қабылдауға қатысады. Жаңа шақырылымның алдында тұрған алғашқы маңызды міндеттердің бірі 2027 жылы жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды бақылау болмақ.
Бұған дейін біз Тоқаевтың мәслихат сайлауына қатысты берген тапсырмалары және Қазақстандағы сайлауға дайындық барысы туралы жазған едік.


