Полиция заңсыз қару айналымына қарсы күресті күшейтті. Жыл басынан бері тәркіленген қарудың 162-сі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап Polisia.kz хабарлады.
Үш күнде 188 қару тәркіленді
20-22 қараша аралығында еліміздің барлық өңірінде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 17 ойық ұңғылы, 125 тегіс ұңғылы және 46 өзге де қаруды заңсыз айналымнан алып тастады. Сонымен қатар әртүрлі калибрдегі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді.
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару әлі де табылып жатыр
Жыл басынан бері ІІМ заңсыз айналымнан 2 200-ден астам қару тәркіледі. Оның ішінде 190 қару криминалдық қару санатына жатады.
Осы санаттағы қарудың шамамен 85%-ы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.
Түркістан облысында бірнеше қару түрі анықталды
Осындай деректердің бірі 20 қарашада Сарыағаш ауданында тіркелді.
«Мәселен, 20 қарашада Түркістан облысында полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданының тұрғынынан ойық ұңғылы винтовка, тегіс ұңғылы мылтықтың шолақ нұсқасын, пневматикалық винтовка, белгі беру тапаншасы және әртүрлі калибрдегі 28 патрон тауып, тәркіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.
Бұған дейін біз Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың жасырын қоймадан табылғаны туралы жазған едік.