Алматыда 35 студент қыз 250 мың теңгеге дейін грант ала алады

441
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Tañdauym

Алматыда Tañdauym бағдарламасының екінші маусымы басталды. Техникалық және өндірістік мамандықтарда білім алып жатқан студент қыздар кәсіби тәлімгерлердің көмегіне жүгініп, қосымша білім алуға 250 мың теңгеге дейін грант алу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бағдарламаның ресми ашылуы 2026 жылғы 23 қарашада өтті. Бастаманы Coca-Cola İçecek Kazakhstan (CCI) компаниясы Орталық Азияның Еуразия қорымен бірлесіп жүзеге асырады.

35 орынға 257 өтінім түсті

Биыл бағдарламаға Алматыдағы жетекші жеті университеттің жоғары курсында оқитын 35 студент қыз қатысады. Бір орынға орта есеппен жетіден астам үміткер таласқан.

Жаңа маусымға дайындық барысында ұйымдастырушылар жоғары оқу орындарында жеті ақпараттық кездесу өткізді. Студенттер өндіріс саласында еңбек ететін CCI қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесімен танысып, индустриядағы мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.

257 үміткердің 70-і іріктеудің бірінші кезеңінен өтті. Екінші кезеңде олар арнайы симуляциялық ойынға қатысып, оның нәтижесінде 35 финалист анықталды.

250 мың теңгелік грантты қайда жұмсауға болады?

Tañdauym бағдарламасының екінші маусымы 2027 жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Әр қатысушы өзінің кәсіби мақсатына сәйкес қосымша білім беру курстарына 250 мың теңгеге дейін грант ала алады.

Қаржылай қолдаумен қатар бағдарлама аясында:

  • CCI қызметкерлерінің жеке тәлімгерлігі;
  • кәсіби және икемді дағдыларды дамыту тренингтері;
  • өндіріс саласының өкілдерімен және HR мамандарымен кездесулер;
  • компанияның өндірістік нысандарына танымдық сапарлар;
  • тағылымдамадан өтуге, жұмыс сұхбатына және жұмысқа орналасуға дайындық қарастырылған.

Бағдарлама болашақ мамандарға университет қабырғасында жүріп-ақ кәсіпорынның жұмысымен танысуға және еңбек жолын бастау үшін қандай дағдылар қажет екенін түсінуге көмектеседі.

«Coca-Cola İçecek Kazakhstan үшін жас мамандардың өз әлеуетін ашып, техникалық және өндірістік бағыттарда мансап құруына жағдай жасау маңызды. Tañdauym студент қыздарға нақты кәсіби перспективаларды көруге, тәжірибелі мамандардың қолдауына ие болуға және индустриядағы алғашқы қадамдарын сенімді жасауға көмектеседі», — деді Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының корпоративтік және реттеуші қатынастар жөніндегі директоры Дияс Жұбандықов.

Қатысушылардың 97%-ы өз мамандығына сенімді бола түскен

Бағдарламаның алғашқы маусымының нәтижелері студент қыздарға білім алу кезеңінен кәсіби қызметке өту барысында көрсетілетін қолдаудың сұранысқа ие екенін көрсетті.

Алғашқы маусымға 30 студент қыз қатысып, оларға CCI компаниясының 16 тәлімгері қолдау көрсетті. Бағдарлама барысында қатысушылар 40 білім беру курсынан өтті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушылардың 97%-ы таңдаған кәсіби бағытына деген сенімі артқанын айтса, 84%-ы нақты мансаптық мақсаттары мен міндеттерін айқындай алған.

Үш түлек CCI компаниясында өндірістік практикадан өтсе, тағы төртеуі өз университеттерінде компанияның амбассадоры атанды.

Диплом алмай тұрып жұмыс берушімен танысу

Tañdauym бағдарламасы техникалық мамандықтарда оқитын студент қыздарға еңбек нарығына шықпай тұрып кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер болашақ мамандармен олардың білім алу кезеңінде таныса алады.

«Біз Tañdauym бағдарламасын қыздардың білім алудан кәсіби қызметке өту кезеңінде қолдау көрсету мүмкіндігі ретінде қарастырамыз. Тәлімгерлік, оқыту және практикалық тәжірибені ұштастыру арқылы қатысушылар жаңа білім алып қана қоймай, оны өз мансабын құруда қалай қолдану керектігін түсінеді», — деді Орталық Азияның Еуразия қорының жобалар және коммуникациялар жөніндегі менеджері Данель Ходжаева.

Бағдарлама түлектері алдағы уақытта жаңа қатысушылармен тәжірибе бөлісіп, Қазақстанның техникалық және өндірістік салаларында еңбек жолын таңдаған қыздардың кәсіби қауымдастығын қалыптастыруға үлес қоса алады.

Бұған дейін Coca-Cola İçecek Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар және Қарағанды университетінің студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру тәжірибесі туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -