Қазақстанда адам өлтіру азайып келеді. 2026 жылдың қаңтар–қазан айларында адам өлтіру, оған дайындалу және оқталу деректерінің саны 8,5%-ға қысқарғанымен, жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар көбейген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биылғы он айдың статистикасына сәйкес, елімізде жеке адамға қарсы 14 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға көп. Ал ел бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 15,1%-ға азайып, 94,2 мыңды құрады.
Он жылда адам өлтіру деректері екі есеге жуық азайды
2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда адам өлтіру, оған дайындалу және оқталу бойынша 378 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 413 болса, 2024 жылы 504 болған.
2016 жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда көрсеткіш 45,9%-ға төмендеген.
Адам өлтіруге дайындалу және оқталу деректерінің саны бір жылда 26,3%-ға азайып, 70 жағдайды құрады.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деректері де азайып келеді. Биыл он айда осындай 1,3 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 7,4%-ға төмен. Ал соңғы он жылда олардың саны 31,8%-ға қысқарған.
Құқық бұзушылықтардың жартысынан астамы ұрып-соғуға байланысты
Қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер Қазақстандағы қылмыс статистикасына едәуір ықпал етті.
2017 жылдың шілдесінде ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылған еді. Алайда 2024 жылдың маусымынан бастап бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді.
2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанда:
- ұрып-соғу — 4,6 мың жағдай, 4%-ға азайған;
- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру — 2,9 мың жағдай, 0,8%-ға өскен;
- денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру — 2,3 мың жағдай, 4%-ға өскен;
- өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу — 597 жағдай, 6,6%-ға азайған;
- зорлау — 363 жағдай, 5,7%-ға азайған.
Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деректері жеке адамға қарсы тіркелген барлық қылмыстық құқық бұзушылықтың шамамен 54%-ын құрайды.
Сондықтан әр жылдағы қылмыс статистикасын салыстырғанда заңнамадағы өзгерістерді де ескеру қажет.
Алматыда жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар 17,7%-ға көбейді
Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі еліміздің ірі қалалары мен халқы тығыз орналасқан өңірлерінде тіркелген.
Алматыда мұндай құқық бұзушылықтардың саны 1,5 мыңға жетіп, бір жылда 17,7%-ға өскен. Астанада да шамамен 1,5 мың, Алматы облысында 1,4 мың, Шымкентте 1,2 мың жағдай тіркелген.
Сонымен қатар Қазақстанның 20 өңірінің 11-інде көрсеткіш төмендеген. Ең айтарлықтай төмендеу Ақмола (15,7%), Қарағанды (14,4%) және Қостанай (13%) облыстарында байқалды.
Адам өлтіру, оған дайындалу және оқталу деректерінің саны бойынша Алматы облысы алда тұр. Өңірде 36 жағдай тіркелген. Шығыс Қазақстан облысында 29, Алматы қаласында 28, Түркістан облысында 27 дерек анықталған.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді — төрт жағдай.
Қазақстанда сталкинг бойынша 308 құқық бұзушылық тіркелді
Қазақстанның қылмыстық статистикасына құқық бұзушылықтың жаңа түрі — сталкинг, яғни адамды заңсыз аңду да енді.
Елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қолданылады. Биылғы он айда осындай 308 құқық бұзушылық тіркелген.
Ауыр қылмыстардың бірқатар түрі азайғанымен, жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар құрылымындағы жеке адамға қарсы әрекеттердің үлесі 12,4%-дан 14,8%-ға дейін өсті. Яғни Қазақстанда тіркелген әрбір жетінші қылмыстық құқық бұзушылық осы санатқа жатады.
Бұған дейін біз Қазақстанда әйелдер мен балаларды қорғау тетіктерінің қалай жетілдіріліп жатқанын, сондай-ақ Ақтауда жұбайын ұрған ер адамға сот қандай жаза тағайындағанын жазған едік.