Қазақстанның жаңа Конституциясы құқықтық мәдениетті қалай өзгертеді

707
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Түркістанда Қазақстанның жаңа Конституциясы талқыланып жатыр. Ата Заңның күшіне енгеніне бес айға жуық уақыт өткенде халықаралық сарапшылар оның нормаларын іс жүзінде жүзеге асыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттілікті нығайту мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының хабарлауынша, 26 қарашада ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Түркістанда «Dialogue of Cultures: Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы басталды.

Халықаралық алаң алты мемлекеттің конституциялық бақылау органдарының өкілдерін, Құрылтай депутаттарын, халықаралық ұйымдарды, дипломатиялық корпус пен ғылыми қауымдастық өкілдерін біріктірді.

Ерлан Қарин басты конституциялық құндылықтарды атады

Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин симпозиум қатысушыларына жолдаған құттықтауында Тәуелсіздік пен Егемендік еліміздің басты конституциялық құндылықтары екенін атап өтті.

Жаңа Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген.

Қариннің айтуынша, Конституция – адам, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық келісім. Оның нормаларының толыққанды жүзеге асуы азаматтардың құқықтық мәдениетіне, заңды құрметтеуіне және конституциялық қағидаттарды сақтауына байланысты.

Қазақстан Республикасы Құрылтайының Төрағасы Айбек Дәдебай конституциялық құндылықтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту, қоғамдық мүдделерді қамтамасыз ету және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты дамыту міндеттеріне тоқталды.

Конституциялық құндылықтар күнделікті өмірде көрініс табуы тиіс

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова пленарлық отырысты ашып, симпозиумның 2025 жылы басталған халықаралық кәсіби диалогтың жалғасы екенін айтты.

«Конституция мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды, мәдениет олардың қоғамдық сананың бір бөлігіне айналуына ықпал етеді, ал азаматтық жауапкершілік оларды нақты істер мен әрекеттер арқылы жүзеге асырады», – деді Эльвира Азимова.

Симпозиум қатысушылары «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына ерекше назар аударды.

Бұл құндылықтарды күнделікті өмірде жүзеге асыру мәселелері заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік және қоршаған ортаға ұқыпты қарау тұрғысынан талқыланды.

Түркістанда алты елдің конституциялық соттары бас қосты

Симпозиумға Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Моңғолия, Тәжікстан және Өзбекстанның конституциялық соттарының, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ Сотының өкілдері қатысты.

Талқылауға БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қоры, «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы, ЕҚЫҰ және Фридрих Эберт қорының өкілдері де қосылды.

Ғылыми қауымдастық атынан Қазақстан, АҚШ, Германия, Словения, Литва, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары оқу орындары қатысты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан тарихи әрі рухани орталық ретіндегі маңызына тоқталып, өңірдің халықаралық ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту әлеуетін атап өтті.

Адам құқықтары, бизнес және сот төрелігінің қолжетімділігі

Симпозиум бағдарламасы мемлекеттік құрылым мәселелерімен шектелген жоқ. Сараптамалық сессиялар, дәрістер мен практикалық семинарлар барысында азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделеріне тікелей қатысты мәселелер қарастырылды:

  • құқық үстемдігін және сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • бизнес саласындағы адам құқықтарын қорғау;
  • құқықтық мәдениетті қалыптастыру;
  • орнықты даму және әлеуметтік саясат;
  • отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар жауапкершілігі.

Талқылауға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Акмал Саидов, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің мүшесі Мадина Жарбұсынова және Қазақстан Республикасындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева да қатысты.

Конституциялық реформа жүзеге асырылып жатқан кезеңде бұл мәселелер Қазақстан үшін айрықша өзекті. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігі Ата Заң нормаларының заңнамада қаншалықты жүйелі бекітіліп, іс жүзінде қалай қолданылатынына байланысты.

Бұған дейін біз 2026 жылғы 1 шілдеде 1995 жылғы Ата Заңның қолданысы тоқтатылып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енгені туралы жазған болатынбыз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -