Anthropic тарихтағы ең ірі IPO өткізді. Жасанды интеллект әзірлеушісінің биржаға шығуы Raison басқаруындағы қордың инвестиция құнын үш жарым жыл ішінде шамамен 64 есе арттырды. Алайда бұл өсімнен түскен пайда әлі нақты алынған жоқ, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Алматыда өткен медиаклубта Raison компаниясының тең құрылтайшысы Андрей Березин мәлімдеді. Ол сондай-ақ 2027 жылы қор нарығына шығуы мүмкін технологиялық компанияларды атады.
Үш жарым жылда 13 доллардан 830 долларға дейін
Raison басқаруындағы қор Anthropic компаниясына 2023 жылдың мамырында Series C инвестициялық раунды аясында қаржы салған. Сол кезде жасанды интеллект әзірлеушісінің құны шамамен 4 млрд долларға бағаланып, бір акциясының сатып алу бағасы 13 доллар болған.
2026 жылдың қыркүйегінде Anthropic акцияларын 1:10 қатынасында бөлшектеді. Биржадағы бастапқы орналастыру бағасы 83 доллар болғанда, бұрын сатып алынған бір акцияның баламалы құны 830 долларға жетті.
Инвестиция құны комиссиялар, шығындар мен салықтар шегерілгенге дейін шамамен 6 285%-ға өсті.
Алайда бұл көрсеткіш бүкіл қордың немесе жекелеген инвесторлардың кірістілігін білдірмейді. Акцияларды сатуға уақытша шектеу қойылғандықтан, түпкілікті қаржылық нәтиже оларды сату кезіндегі нарықтық бағаға байланысты болады.
Технологиялық алпауыттар биржаға шығуға неге асықпайды?
Ірі технологиялық компаниялар жекеменшік мәртебесін барған сайын ұзақ сақтап келеді. Мәселен, Apple құрылғаннан кейін төрт жылдан соң биржаға шықса, SpaceX-ке 24 жыл қажет болды.
Осы аралықта компания құнының өсуінен түсетін пайданың едәуір бөлігіне биржадан тыс нарықтағы инвесторлар ие болады.
«Бұрын компания құнының негізгі өсімінен биржалық инвесторлар пайда көретін. Amazon акцияларын IPO кезінде сатып алғандар компания биржаға шыққаннан кейінгі өсімнен табыс тапты. Бүгінде SpaceX немесе Anthropic биржаға алып компанияға айналған шағында шығып отыр. Ал олардың құнының бұған дейінгі өсімінен пайда табу мүмкіндігі ұзақ уақыт бойы негізінен ірі қорларға ғана қолжетімді болды. Біздің міндетіміз — мұндай мүмкіндікке қазақстандық жеке инвесторлардың да қол жеткізуін қамтамасыз ету», — деді Андрей Березин.
Сонымен қатар венчурлік капиталдың басым бөлігі жасанды интеллект саласына бағытталып жатыр. Raison келтірген Crunchbase деректеріне сәйкес, 2026 жылдың үшінші тоқсанында әлемдік венчурлік қаржыландырудың 64%-ы жасанды интеллект саласындағы компанияларға тиесілі болған.
Қордың пайдасы 39,5 млн долларға жетті
Raison Asset Management басқаруындағы Element Global Technologies Private Portfolio (EGTPP) венчурлік қорының пайдасы бір жылда 4,6 есе өсіп, 39,5 млн долларға жетті. Компания бұл мәліметтерді Baker Tilly тәуелсіз аудиторы тексерген қаржылық есептілікке сүйеніп жариялады.
Қордың инвестициялық портфелінде 60-тан астам технологиялық компания бар. 2025 жылы Klarna, 2026 жылдың маусымында SpaceX, ал қарашада Anthropic биржаға шықты.
Қор Илон Масктың компаниясына 2019 жылы инвестиция салған. 2026 жылдың 12 маусымында SpaceX Nasdaq биржасында акцияларын 135 доллардан орналастырды. Сол кезде компанияның құны шамамен 1,77 трлн долларға бағаланды.
SpaceX инвесторлары үшін келесі маңызды күн — 8 желтоқсан. Бұл күні акцияларды сатуға қойылған негізгі шектеу мерзімі (lock-up) аяқталады.
OpenAI, Stripe және Kraken: 2027 жылы қандай IPO күтіледі?
Raison болжамынша, ірі технологиялық компаниялардың биржаға шығу үрдісі 2027 жылы да жалғасуы мүмкін.
IPO өткізуі ықтимал компаниялар қатарында:
- OpenAI — ChatGPT әзірлеушісі;
- Stripe — халықаралық төлем платформасы;
- Databricks — деректерді талдау және жасанды интеллект технологияларын әзірлеуші;
- Kraken — Raison инвестициялық портфеліне енген криптовалюта биржасы.
Әзірге бұл компаниялардың биржаға шығатын нақты күндері белгісіз. Олардың шешімі қаржы нарығындағы жағдай мен инвесторлар сұранысына байланысты болады.
«Ірі технологиялық компаниялардың IPO өткізуіне қолайлы кезең басталғанын көріп отырмыз. Биыл SpaceX пен Anthropic биржаға шықты, олардың ізін басатын компаниялар да көп. Бірақ болашақты ешкім дәл болжай алмайды, IPO мерзімі нарыққа байланысты. Сондықтан біз клиенттерге компаниялардың биржаға шығатын нақты күндерін уәде етпейміз және бүкіл портфельдің нәтижесі бір ғана мәмілеге тәуелді болмайтындай инвестициялық стратегияны жалғастырамыз», — деді Андрей Березин.
Қазақстандық инвесторлар үшін қандай тәуекелдер бар?
Қор арқылы технологиялық компанияларға инвестиция салу олардың акциялары биржаға шықпай тұрып қаржы құюға мүмкіндік береді. Алайда инвесторлар Anthropic немесе басқа компаниялардың акцияларына тікелей иелік етпейді, олар қордың үлесін сатып алады.
Инвестициялық құрылымның бірнеше деңгейінде комиссиялар мен басқа да шығындар қарастырылған. Сондықтан жекелеген актив құнының бірнеше есе өсуі бүкіл портфельдің дәл сондай кірістілігін қамтамасыз етпейді.
IPO өткізу де акция бағасының төмендеуінен қорғамайды. Ерте кезеңде қаржы салған инвесторлардың түпкілікті табысы компанияның биржаға шыққан күнгі рекордтық бағасына емес, акцияларды сатуға қойылған шектеулер аяқталғаннан кейінгі нарықтық құнына байланысты болады.
Материал ақпараттық сипатта және инвестициялық ұсыным болып саналмайды. Қордың үлестері белгіленген талаптарға сай келетін инвесторларға ғана жеке тәртіппен ұсынылады. Бұрынғы қаржылық нәтижелер болашақ кірістілікке кепілдік бермейді. Инвестиция салу капиталды ішінара немесе толық жоғалту тәуекелімен байланысты.


