Аукцион да өтпеген, орман да өспеген: 100 гектар жер мемлекетке қайтарылды

294
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: DKNews.kz/AI-generated

Мемлекетке 100 гектар жер қайтарылды. Аукцион өткізілмей жеке меншікке берілген аумақтарда орман өсірілуге тиіс болған. Алайда онда бірде-бір орман алқабы пайда болмаған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жер заңнамасының бұзылғанын Алматы облысының Іле аудандық прокуратурасы анықтады.

Жер аукционсыз берілген

2009–2011 жылдары жеке тұлғаға орман өсіру мақсатында ауданы 12 және 88 гектар болатын екі жер учаскесі берілген.

Екі учаске де ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жатады. Алайда оларды жеке меншікке беру кезінде заңнамада көзделген міндетті аукциондар өткізілмеген.

Салдарынан жер алуға мүдделі өзге тұлғалар сауда-саттыққа қатысу мүмкіндігінен айырылған.

100 гектар аумақта орман өсірілмеген

Прокурорлар тағы бір заң бұзушылықты анықтады. Жер учаскелері нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған, аумақта орман екпелері болмаған.

Прокуратураның талап-арызы бойынша сот екі жер учаскесін беру негіздерін заңсыз деп танып, оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талапты қанағаттандырды.

Қайтарылған жердің жалпы ауданы бір шаршы шақырымға тең. Бұл аумақтардың алдағы уақытта қандай мақсатта пайдаланылатыны прокуратура хабарламасында нақтыланбаған.

Бұған дейін Алматы облысында мемлекетке қайтарылған 564 мың гектар жердің қалай пайдаланылатыны және онда қандай жобалар жүзеге асырылатыны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -