Алматы полициясы жас мамандарға басымдық беріп отыр

455
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Алматыда жас полицейлерге тәлімгерлік қолдау көрсетілуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жас мамандарды даярлауда олардың кәсіби біліктілігіне, жауапкершілігіне және азаматтармен қарым-қатынасына ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Polisia.kz хабарлауынша, Алматы қаласының полиция департаментінде жас қызметкерлердің тәлімгерлермен және ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесуі өтті. Іс-шараға Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты.

535 жас полицей тәжірибелі әріптестерінен тәлім алуда

Алматы қаласының полиция департаментінде 535 жас қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсысына қызметтің қыр-сырын меңгеруге, міндеттерін дұрыс атқаруға және кәсіби дағдыларын қалыптастыруға көмектесетін тәжірибелі тәлімгер бекітілген.

Қызметтің алғашқы жылдарына ерекше мән беріледі. Өйткені дәл осы кезеңде жас полицейдің кәсіби ұстанымы, азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігі қалыптасады.

Қабдұлдинов полицейлердің қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтті

Полиция департаментінің бастығы жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуы заңдылыққа, тәртіпке және азаматтарға деген құрметке негізделуі тиіс екенін айтты.

«Полиция – жай ғана мамандық емес, жоғары жауапкершілікті, тәртіпті, батылдықты және адамдарға құрметпен қарауды талап ететін қызмет. Жас қызметкерлер полиция формасын кию үлкен абырой екенін, ал оған лайық болу одан да зор жауапкершілік жүктейтінін ұмытпауы керек. Әрбір шешім заңға, ал әрбір әрекет ар-ождан мен кәсіби борышқа негізделуі тиіс. Аға буынның тәжірибесі мен өнегесі жас ұрпақтың қоғам сенімін ақтайтын лайықты офицер болып қалыптасуына көмектесетініне сенімдімін», – деді Айдын Қабдұлдинов.

Жас полицейлер қызметтегі қиындықтарымен бөлісті

Кездесу барысында ішкі істер органдарының ардагерлері кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас әріптестеріне кеңес берді. Ал жас қызметкерлер еңбек жолындағы алғашқы қадамдары, кездескен қиындықтары мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

Іс-шарада тәлімгерлердің еңбегі де бағаланды. Жас мамандарды даярлауға және олардың қызметке бейімделуіне елеулі үлес қосқан полиция қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды.

Бұған дейін Алматы полициясының тәлімгерлік институтын дамытуға және аға буынның тәжірибесін жас мамандарға жеткізуге қалай басымдық беріп отырғаны туралы жазған едік.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -