Ол марапаттау рәсіміне түнгі ауысымнан кейін келді. Жезқазған мыс қорыту зауытының балқытушысы, еліміздің ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісімен марапатталған Абдрашит Доспанов көпжылдық еңбегі мен отандық металлургияны дамытуға қосқан үлесі үшін үш бөлмелі пәтерге ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Қазақмыс» компаниясының хабарлауынша, металлургке пәтер кілтін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің бас операциялық директоры, Kazakhmys Smelting компаниясының бас директоры Жәнібек Байғабелов табыстады.
Мыс қорыту өндірісіндегі 40 жылдан астам еңбек
Абдрашит Қойшыбекұлы Доспанов Жезқазған мыс қорыту зауытында 1985 жылдан бері еңбек етеді. Оның жалпы еңбек өтілі шамамен 42 жылды құрайды.
Металлургке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі мен «Отан» ордені табысталған. Сондай-ақ ол үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері.
Балқытушының кәсіби еңбегін компания акционері Нұрлан Артықбаев пен «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жоғары бағалады.

Бір әулеттің еңбек өтілі 400 жылға жуықтайды
Абдрашит Доспанов – бірнеше буыны өндірісте еңбек еткен металлургтер әулетінің өкілі. Отбасы мүшелерінің жиынтық еңбек өтілі 400 жылға жуықтайды.
Еңбек Ерінің інілері де осы зауытта жұмыс істейді. Ал Абдрашит Қойшыбекұлы өндірістегі қызметін жалғастырып, ондаған жыл бойы жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп келеді.

Түнгі ауысымнан пәтер кілтін алуға келді
Абдрашит Доспанов салтанатты рәсімге әріптестерімен бірге түнгі ауысымнан кейін бірден келді. Сол ауысымда металлургтер қара мыс өндіру жоспарын орындаған.
«Қазақмыс» компаниясы үшін баспана табыстау – ондаған жыл бойы отандық металлургияны дамытуға үлес қосып, өндірістік дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын сақтап жүрген еңбек адамдарына көрсетілген құрмет.

Бұған дейін біз Жезқазғандық металлургке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуі туралы жазған едік. Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы 2026 жылғы 22 қазанда күшіне еніп, Республика күні қарсаңында Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
