Қазақстан ауқымды құрылысқа шетелдік бизнесті тартпақ. Инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы жаңа нысандар салумен қатар, бірлескен өндірістер ашуды, озық технологияларды енгізуді және инвесторларды қолдау жүйесін жетілдіруді көздейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында мәлімдеді.
2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді
Алдағы 2027 жыл Жалпыхалықтық ұлы құрылыс жылы болып жарияланды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу қарастырылған.
Үкімет заманауи құрылыс технологияларын меңгерген, инженерлік шешімдер ұсына алатын және ірі инфрақұрылымдық жобаларды басқаруда тәжірибесі бар халықаралық компанияларды тартуға мүдделі.
«Іске асырылатын жобалардың ауқымы мен маңызы жекелеген нысандардың құрылысымен шектелмейді. Іс жүзінде Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы орнықты экономикалық дамуының жаңа негізі қаланып жатыр. Сонымен қатар осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру халықаралық серіктестерге кең перспективалар ұсынады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экспорттық әлеуеті бар құрылыс материалдарын, жабдықтар мен құрамдас бөлшектерді шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл отандық өнеркәсіп үшін өнімге деген сұранысты арттыруға, ал шетелдік компаниялар үшін Қазақстанда өндіріс ашуға мүмкіндік береді.
Kazakh Invest «Бәйтерек» холдингінің құрамына өтеді
Ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламамен қатар Үкімет шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу жүйесін де жаңартып жатыр.
Kazakh Invest ұлттық компаниясын «Бәйтерек» холдингінің құрамына өткізу және инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін бірыңғай фронт-офис құру қарастырылған.
Жаңа жүйе инвесторларға жобаларды іске асыру барысында кешенді қолдау көрсетіп, қаржыландыру құралдарына қол жеткізуге жағдай жасауы тиіс. Ал Сыртқы істер министрлігі шетелдік компанияларды тарту жұмысын жалғастырады.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесі де назарда. Алатау қаласында озық халықаралық тәжірибе негізінде жұмыс істейтін инвестициялық сот құру жоспарланып отыр.
Әлеуметтік нысандар құрылысына жеке капитал тарту ұсынылды
Кеңес отырысында Beeline Kazakhstan (VEON) компаниясы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын қаржыландыруға жеке инвесторлардың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды.
Мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға қомақты қаражат бағыттауды жоспарлап отырған тұста бизнес бұл жобаларды қаржыландыруға жеке капиталды да жұмылдыруды ұсынып отыр.
Алайда жеке инвесторлардың қандай тетіктер арқылы қатысатыны әзірге нақтыланған жоқ.
Шетелдік инвесторлар қандай ұсыныстар айтты?
Халықаралық компаниялардың өкілдері инфрақұрылымдық жобалармен қатар Қазақстанда кәсіпкерлік жүргізу жағдайына қатысты бірқатар мәселені көтерді.
Олардың қатарында:
- экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару, кері экспортқа салық салу және кедендік транзит тетіктерін жетілдіру;
- құбырларды тексеру және парниктік газдар шығарындыларына қосымша квота бөлу жүйесін жақсарту;
- шетелдік мамандардың халықаралық кәсіби сертификаттарын тану;
- есептеу инфрақұрылымына инвестиция салу және жасанды интеллект жобаларын кеңейту;
- Қазақстанда өндірілетін дәрілік препараттарды сүйемелдеу үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу бар.
Сондай-ақ Polpharma фармацевтикалық тобы экспорттық әлеуеті бар жаңа дәрілік препараттардың өндірісін жолға қою үшін инвестициялық келісімдерді кеңейтуді ұсынды.
Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі қауымдастығымен бірлесіп, айтылған ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыруды тапсырды.
Кеңес отырысының толық қорытындысы Үкіметтің ресми сайтында жарияланды.
Бұған дейін біз «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында отандық зауыттарға қандай басымдық берілетіні және қазақстандық кәсіпорындардың ауқымды құрылыс жобаларына қатысу мүмкіндіктері туралы жазған едік.



