Бейсенбі күні Қытай-Орталық Азия халықаралық туристік пойызы Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясының Сиань қаласынан Алматыға жол тартты, деп хабарлайды Xinhua.
Кесте бойынша Алматыға сенбі күні келіп, 5 маусымда кері жүріп, 7 маусымда Сианьға қайтады.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, пойыз Алматыға келген соң екі қала арасында Гуманитарлық және туристік алмасу апталығы басталып, оның аясында бірқатар көрмелер, кездесулер, дәрістер, футболдан жолдастық матчтар өтеді.
Аталған іс-шаралар аясында материалдық емес мәдени мұраны көрсету, мәдени жәдігерлер көрмесі, дәстүрлі қытай медицинасының мәдениетін ілгерілету, археология саласындағы ғылыми алмасулар, сондай-ақ екі елдің кәсіпкер әйелдерінің кездесуі болады. Еске салайық, 2024 жыл Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы болса, 2025 жыл Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы болып жарияланған болатын.
2023 жылдың мамыр айында Қытай мен Қазақстан өзара визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойды, құжат сол жылдың қарашасында ресми түрде күшіне енді. Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал орынға айналуда. Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай Орталық Азияның осы еліне қытайлық туристер ағыны 655 мың адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 78 пайызға артық.