Қытай алдағы 10 жыл ішінде Қытайдың солтүстік-батысындағы тарихи маңызы бар Хэси дәлізі бойымен өзінің алғашқы ұлттық мұра бағытын салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл бағыт ҚХР-дың мәдени және табиғи мұраны қорғау, сақтау және пайдалануды күшейту мақсатының бір бөлігі болып табылады. Бұл жоспарды Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясының халық үкіметі баспасөз мәслихатында жария етті.
Ганьсуда мұраны қорғау және пайдалану, инфрақұрылым салу, туристік саласы нысандарын бөлу, халықаралық алмасу мен ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылады, деді провинциялық мәдениет және туризм департаментінің басшысы Хэ Сяоцзу. Олар Хэси дәлізі бойында барлығы 52 өкілді мәдени және табиғи мұра нысанын және ұлттық деңгейдегі 20 материалдық емес мәдени мұра жобасын қамтиды, деді ол. Хэ Сяоцзудың айтуынша, бағыт құрылысына қатысты 120 нақты тапсырманы жүзеге асыруды қолдауға жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 610 млн юаньді құрайды (84,9 млн АҚШ доллары).
Қытай көптеген жылдар бойы Хэси дәлізіндегі мәдени мұраны сақтау және ұтымды пайдалану бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Мысалы, ҚХР үкіметі Ұлы Қытай қорғанының тиісті бөлігінің мәдени мұрасын сақтауға жалпы сомасы 540 млн юань инвестиция салып, 110-нан астам қорғау және қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетті.
Ежелгі Жібек жолының бір бөлігі болған және Ганьсу провинциясы арқылы шамамен 1000 шақырымға созылған Хэси дәлізінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген бес нысан мен 53 үңгір орналасқан.
Ганьсу провинциясы мәдени мұраны қорғау басқармасының директоры Цю Цзянь: «Ұлттық мұра бағыты ең аз араласу қағидасына қатаң сәйкес салынады және Қытайдың мәдени жетістіктерін бүкіл әлеммен бөлісетін және өркениеттер арасындағы алмасу мен өзара білім алуға жәрдемдесетін маңызды платформаға айналады», - деді.