Цифрлық Қытайды дамыту жөніндегі 9-шы саммит 29–30 сәуір күндері Қытайдың шығысындағы Фуцзянь провинциясының әкімшілік орталығы Фучжоу қаласында өтеді, деп хабарлайды Xinhua.
Бұл туралы Қытайдың Мемлекеттік деректер басқармасының басшысы Лю Лехун Қытай Мемлекеттік кеңесінің Баспасөз канцеляриясы ұйымдастырған баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы саммиттің негізгі тақырыбы цифрлық технологиялар саласындағы инновациялық дамуды жеделдету және цифрлық Қытайды құруды тереңдету болады.
Саммит барысында цифрлық Қытайдың дамуының маңызды кезеңдері мен жетістіктері ұсынылады. Сонымен қатар «Цифрлық Қытайдың дамуы туралы есеп – 2025» және «Цифрлық Қытайдың даму индексі» атты негізгі құжаттар жарияланады.
Цифрлық Қытай саласындағы 30-дан астам саясаттық құжаттар, есептер мен стандарттар Қытайдың Мемлекеттік деректер басқармасы, Интернет-ақпарат жөніндегі мемлекеттік канцелярия және Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі сияқты ведомстволар тарапынан ұсынылады.
Саммитке шамамен 400 кәсіпорын қатысып, олардың қатарында China Southern Power Grid және Alibaba сияқты ірі компаниялар өздерінің цифрлық трансформация саласындағы жаңа технологиялары мен өнімдерін таныстырады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, мәдениет және туризм сияқты салаларда деректерді табысты қолданудың жүзге жуық үлгісі ұсынылады. Экспонаттардың 65 пайыздан астамы алғаш рет көрсетіледі.
Саммит аясында Қытайдың жетекші жеті жоғары оқу орны, оның ішінде Цинхуа университеті мен Бейжің университеті ұсынған 20-дан астам техникалық әзірлеме, сондай-ақ оннан астам ғылыми-зерттеу институттарының жобалары таныстырылады.
Сонымен қатар China Telecom, China Unicom, China Mobile және Huawei компаниялары ұйымдастыратын жасанды интеллект саласының түрлі бағыттарына арналған төрт экожүйелік конференция өткізіледі. Бұл алаңдарда өндірістік тізбектің әртүрлі деңгейіндегі 400-ден астам кәсіпорын ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.
Алдағы саммитте алғаш рет инновациялық әзірлемелерді нарық сұранысымен тікелей байланыстыруға арналған «өнеркәсіптік іскерлік байланыстар алаңы» ұсынылады.
Іс-шараны Қытайдың Ұлттық даму және реформалар комитеті, Мемлекеттік деректер басқармасы, Интернет-ақпарат жөніндегі мемлекеттік канцелярия, Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі және Фуцзянь провинциясының халық үкіметі бірлесіп ұйымдастырады. Саммит аясында 50-ден астам диалог пен алмасу іс-шаралары, сондай-ақ инновациялар конкурсы өткізіледі. Сонымен қатар 100-ден астам қосымша арнайы іс-шаралар жоспарланған.