Сейсенбі күні Қытайда жасанды интеллектке негізделген елдегі ең ірі ғылыми есептеу кластері Хэнань провинциясының орталығы Чжэнчжоу қаласында орналасқан ұлттық суперкомпьютерлік желінің негізгі торабында пайдалануға берілді. Бұл туралы Қытай медиакорпорациясы хабарлады. Аталған жоба жасанды интеллектке негізделген ғылыми зерттеулерге арналған есептеу инфрақұрылымы саласындағы маңызды серпіліс болып табылады және Қытайға өнеркәсіпте жасанды интеллектті қолдану бағытында жетекші орын алуға мүмкіндік береді.
Аталған тораптың сынақтық пайдаланылуы биылғы жылдың 5 ақпанында басталып, құрамында 30 мыңнан астам отандық жасанды интеллект үдеткіш чиптері бар суперкомпьютерлік кластерге қол жеткізуге жол ашты. 14 сәуірге қарай олардың саны 60 мыңға дейін артты, деп хабарлады Қытай медиакорпорациясы. Бұл торап «деректер–есептеулер–модельдер–қолдану» атты біріктірілген отандық экожүйені қалыптастырып, әртүрлі деректер жиынтықтарын, құралдарды және ашық бастапқы коды бар мыңдаған ірі модельдерді біріктіреді, бұл оларды жылдам енгізуге және игеруге мүмкіндік береді.
Суперкомпьютерлік есептеу желісі платформасында пайдаланушыларға бағдарламалық қамтамасыз етуді немесе ақпараттық технологиялық процестерді баптаудың қажеті жоқ. Табиғи тілде тапсырма қою жеткілікті, ал ғылыми есептеулерге арналған суперкомпьютерлік агент тапсырманы бөліктерге бөліп, қажетті модельдерді шақырып, есептеу ресурстарын бөледі және нәтижелерді толық жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау уақытын айтарлықтай қысқартады.
Болашақта бұл инфрақұрылым ашық күйінде қалып, ғылыми зерттеулер мен өнеркәсіптің барлық бағыттарын қамтып, кең қолжетімді әрі ыңғайлы қызметтер ұсынуды жалғастырады. Бұл Қытайдың жасанды интеллект саласында жаңа серпілістерге қол жеткізуіне және жаһандық ғылыми-технологиялық бәсекеде алдыңғы қатарға шығуына ықпал етеді деп күтілуде.