Қытайда әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік көмек туралы заң қабылданды. Құжат Бүкілқытай халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің 14-шақырылымдағы 22-сессиясында үшінші оқылымда дауыс беру арқылы қабылданды. Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңа заң 7 бөлімнен және 78 баптан тұрады. Онда жалпы ережелер, көмек алуға құқылы азаматтар санаты, көрсетілетін көмектің түрлері, оны ұсыну тәртібі, қоғамдық ұйымдардың қатысуы, бақылау және кепілдік тетіктері, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік мәселелері қамтылған.
Құжат әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы негізгі заңнамалық акт ретінде қарастырылады. Ол мұқтаж азаматтарды қолдау жүйесін нығайтып, әлеуметтік көмектің сапалы дамуына құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, заң азаматтардың елдегі реформалар мен экономикалық дамудың нәтижелерін толық пайдалануына мүмкіндік береді.