ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі байланыс технологияларының алтыншы буынын /6G/ дамыту және инновацияларды енгізу жөніндегі бірлескен пилоттық бағдарламаның іске қосылғанын жариялады. Бағдарлама болашақта жаңа байланыс стандартын коммерциялық енгізуге негіз қалауға бағытталған.
Бағдарлама 6G саласындағы озық технологияларды дамытуды, телекоммуникацияларды жасанды интеллектпен, спутниктік интернетпен және сымсыз зондтау технологияларымен терең ықпалдастыруды көздейді. Ерекше назар жаңа буындағы базалық станцияларды, желілік жабдықтарды, терминалдарды, микрочиптер мен операциялық жүйелерді әзірлеуге аударылады.
Пилоттық өңірлер 6G технологияларын иммерсивті коммуникациялар, өнеркәсіптік өндіріс, төмен биіктіктегі экономика, интеллектуалды робототехника және теңіз операциялары сияқты салаларда қолдану сценарийлерін пысықтайды.
Министрліктің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру IMT-2030 (6G) Promotion Group ұйымдастыратын технологиялық сынақтармен қатар жүреді. Сонымен қатар пилоттық өңірлерде 6G технологияларын дамыту мәселелеріне арналған ірі салалық форумдар мен конференциялар өткізу жоспарланған.
Қазіргі уақытта Қытай бесінші буын байланыс технологиялары саласында жетекші орынға ие. Елде әлемдегі ең ірі 5G инфрақұрылымы қалыптасқан және бүкіл аумақ бойынша миллиондаған базалық станциялар жұмыс істейді.
Сарапшылардың бағалауынша, 6G технологиясы деректерді беру жылдамдығын, сенімділігін және кідірісті азайту көрсеткіштерін 5G-мен салыстырғанда 10-100 есе жақсарта алады. Жаңа желі жерүсті, әуе, теңіз және ғарыштық коммуникацияларды біртұтас жаһандық жүйеге біріктіреді деп күтілуде.
Биылғы мамыр айында Қытай 6G технологияларын сынақтан өткізу үшін 6 ГГц диапазонын пайдалануға да рұқсат берді. Рұқсат Халықаралық электр байланысы одағының талаптарына сәйкес елдің жекелеген өңірлерінде сынақтар жүргізу үшін IMT-2030 (6G) тобына берілді.
2019 жылы құрылған IMT-2030 (6G) тобы жаңа буын мобильді байланыс технологияларын әзірлеу саласында қытайлық өнеркәсіптік компаниялардың, университеттердің және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өзара іс-қимылына арналған негізгі платформа болып табылады.