Қытай 2030 жылға қарай ұлттық блокчейн желісін құруды негізінен аяқтауды, 5G инфрақұрылымын кеңейтуді және алтыншы буындағы (6G) байланысты коммерциялық қолданысқа енгізуге жағдай жасауды жоспарлап отыр. Бұл міндеттер елді ақпараттандырудың жаңа бесжылдық жоспарында көзделген.
Киберкеңістік істері жөніндегі орталық комиссия жариялаған құжат Қытайдың 2030 жылға дейінгі цифрлық дамуының негізгі бағыттарын айқындайды.
Бес жыл ішінде интернеттің халық арасында таралу деңгейін 80,1 пайыздан 85 пайызға дейін, ал әрбір 10 мың тұрғынға шаққандағы 5G базалық станцияларының санын 34-тен 50-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударылады. Қытай есептеу технологиялары, байланыс желілері және деректерді өңдеу салаларындағы зерттеулерді жеделдетуді, сондай-ақ операциялық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуді көздейді.
Жоспарда мектептегі білім берудің барлық деңгейінде жасанды интеллектіні оқытуды енгізу, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және технологиялық салалар үшін мамандар даярлау қарастырылған.
Сонымен қатар билік телекоммуникация және интернет нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуді, дербес деректерді қорғау мен ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуді жоспарлап отыр.
ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қытайдың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының кірісі 4,1 трлн юаньға (шамамен 615 млрд доллар) жетеді.