Қытай тұрғын үй қорын жаңғыртуға, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға және экономикалық белсенділіктің жаңа орталықтарын құруға бағытталған қалаларды жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жеделдетіп жатыр. Алдағы бес жылда қалалық реновация нарығының көлемі 15–20 трлн юаньға жетуі мүмкін.
Мұндай өзгерістердің бір мысалы — Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкин қаласындағы «Шилиу Синьцунь» тұрғын үй орамы. 1950-жылдары салынған бұл кешен ұзақ уақыт бойы ескірген қалалық құрылыстың айқын үлгісі болып келді. Ондағы пәтерлер тар, шатырларынан су ағатын, ал қарапайым тұрмыстық қолайлылықтар мүлде болмаған.
Аумағы 16 мың шаршы метр болатын тұрғын үй кешенінде шамамен 1500 адам тұрған. Пәтерлердің жартысына жуығының ауданы 35 шаршы метрден аспаса, ең кішкентай пәтердің ауданы небәрі жеті шаршы метр болған.
Қазір тұрғын үй орамы толық қайта жаңғыртылып жатыр. 282 пәтерден тұратын бірінші кезегі 2025 жылы пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттарда лифтілер, жеке асүйлер мен жуынатын бөлмелер, балкондар, заманауи қауіпсіздік және өрттен қорғау жүйелері қарастырылған. Жерасты автотұрақтары, жасыл аймақтар, коммерциялық үй-жайлар мен демалыс алаңдары пайда болды.
Осындай жобалар Қытайдың көптеген қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Қарқынды урбанизацияның ондаған жылдарынан кейін қала құрылысы саясатындағы басымдық біртіндеп аумақтарды кеңейтуден қалыптасқан қалалық ортаның сапасын арттыруға ауысып келеді.
Ғимараттардың жағдайына қарай билік толық қайта жаңғыртудан бастап заманауи құрылыс технологияларын қолдана отырып, жекелеген бөліктерін жаңартуға дейінгі түрлі тәсілдерді пайдаланады.
Мәселен, Бейжіңнің Чаоян ауданындағы ескі тұрғын үй орамдарының бірінде шатырлардың тозған ағаш құрылымдары құрастырмалы құрылыс технологияларын қолдану арқылы болат конструкциялармен ауыстырылды. Ал Шанхайдың Хункоу ауданында көппәтерлі тұрғын үй дайын құрылымдық элементтерді пайдалану арқылы жаңғыртылды. Соның арқасында тұрғындар құрылыс жұмыстары кезінде өз пәтерлерінде тұра алды.
Қытайдың 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджетінде қалаларды жаңартуға 97 млрд юань (шамамен 14,45 млрд доллар) қарастырылған. Бұл қаражат шамамен сегіз миллион үй шаруашылығының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектеседі деп күтілуде.
Қалаларды жаңартудың 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық жоспары 115 мың ескі тұрғын үй орамын қайта жаңғыртуды, 575 мың лифтіні орнатуды немесе жаңартуды, сондай-ақ 50 мың гектар қалалық жасыл аймақ құрып, абаттандыруды көздейді.
Гуандун провинциясының Шэньчжэнь қаласында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ауқымды шаралар бұрын қатты ластанған Маочжоу өзенін демалыс аймағына айналдыруға мүмкіндік берді. Мұнда алты экологиялық сулы-батпақты алқап құрылып, ұзындығы 45,6 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Демалыс пен су спорты түрлерімен айналысуға арналған кеңістіктер жабдықталды.
ҚХР Тұрғын үй, қала және ауыл құрылысы министрлігінің мәліметінше, 2026–2030 жылдары 20 мың гектар қалалық саябақты қайта жаңғырту немесе абаттандыру, 15 мың шағын «қалта саябағын» құру, сондай-ақ 20 мың шақырым жасыл дәліз салу немесе жаңарту жоспарланып отыр.
Қалалық реновация экономикалық өсудің маңызды көзі ретінде де қарастырылуда. Алдағы бес жыл ішінде Қытай 1500 ескі қалалық орам мен бұрынғы өнеркәсіптік аумақты жаңартып, олардың орнында жаңа іскерлік және технологиялық орталықтар құруды көздеп отыр.
Бұған Шанхайдағы Сюйхуэй ауданы айқын мысал бола алады. Мұнда бұрынғы өнеркәсіптік нысандар, соның ішінде цемент зауыты, аэродром және теміржол станциясы заманауи қалалық инфрақұрылымға біріктірілген.
Бұл аумақта медиа, цифрлық технологиялар және интеллектуалды жүйелер салаларындағы кластерлер қалыптасып келеді. Жаңартылған аумақта қазірдің өзінде 4000-нан астам компания, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы кәсіпорындар жұмыс істейді. 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Сарапшылардың бағалауынша, 2026–2030 жылдары Қытайдағы қалалық реновация нарығының жиынтық көлемі 15–20 трлн юаньға жетуі мүмкін. Бұл құрылыс саласы, технологиялық компаниялар мен инвесторлар үшін ауқымды мүмкіндіктер ашады.