Роботтар, интеллектуалды экзоскелеттер мен экологиялық таза технологиялар 15 қазан мен 4 қараша аралығында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан 140-шы Кантон жәрмеңкесінің басты жаңалықтарының біріне айналды. Өндірушілер жасанды интеллектіні, энергия тиімділігін және күнделікті өмірге арналған жаңа мүмкіндіктерді ұштастыратын әзірлемелерін таныстыруда.
Интеллектуалды робототехника аймағында логистикалық роботтар, сусындарды автоматты түрде дайындайтын жүйелер және үй жануарларына арналған серік роботтар ұсынылған.
Шетелдік сатып алушылардың ерекше қызығушылығын Hangzhou Taixi Intelligent Technology компаниясының интеллектуалды экзоскелеті тудырды. Келушілер жүруге көмектесетін және денеге түсетін физикалық жүктемені азайтатын құрылғыны сынап көру үшін кезекке тұруда.
Компанияның негізін қалаушы Лян Линьчаоның айтуынша, экзоскелет адамның қимыл-қозғалысын танитын электр қозғалтқыштарымен және датчиктермен жабдықталған. Құрылғының салмағы шамамен екі келіні құрайды. Әзірлеушілер оның құрылымы мен қозғалыс алгоритмдерін егде жастағы адамдарға және қозғалыс функциялары бұзылған, соның ішінде денесінің бір жағы салданған науқастарға бейімдеген.
Интеллектуалды технологиялар өндіріске де барған сайын белсенді енгізіліп келеді. Жәрмеңке ұйымдастырушыларының мәліметінше, қатысушы компаниялардың 64 пайызы зерттеу, әзірлеу және өндірістік үдерістерде өнеркәсіптік интернет пен жасанды интеллектіні пайдаланады. Көрмеге қойылған экспонаттар арасындағы жаңа өнімдердің үлесі рекордтық 23,2 пайызға жетті.
ҚХР Коммерция министрлігінің өкілі Чжан Лидің атап өтуінше, тұтынушылық электроника, энергия сақтау жүйелері, физикалық ортада әрекет ететін жасанды интеллекті бар робототехника және интеллектуалды медициналық технологиялар сатып алушылардың ерекше назарын аударуда. Бұл әзірлемелердің көпшілігі халықаралық аудиторияға алғаш рет ұсынылып отыр.
Кантон жәрмеңкесі қытайлық өндірушілердің технологиялық деңгейі жоғары, экологиялық таза және сатып алушылардың қажеттіліктеріне бағдарланған өнімдер шығаруға бет бұрғанын көрсетіп, халықаралық сауданы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.