Шанхай және Шэньчжэнь қор биржаларында Қытайдағы алғашқы белсенді басқарылатын биржалық инвестициялық қорлардың (ETF) саудасы басталды. Жаңа қаржы құралдарының іске қосылуы Қытайдың капитал нарығын реформалау мен ұзақ мерзімді инвестициялар тартудың кезекті кезеңі болды.
Белгілі бір биржалық индекстің динамикасына бағдарланған дәстүрлі ETF қорларынан айырмашылығы, белсенді басқарылатын қорлар басқарушыларға бағалы қағаздарды өз бетінше таңдауға және нарықтық бағдардан жоғары кірістілікке қол жеткізу мақсатында инвестициялық портфельдің құрамын өзгертуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы қыркүйектің соңына қарай әлемде осындай қорлардың басқаруындағы активтер көлемі 2,7 трлн АҚШ долларына жетті. Бұл әлемдік ETF нарығының 13 пайызын құрайды. Аталған сегментке қаражаттың таза ағыны қатарынан 78 ай бойы байқалып келеді.
Қытайдың бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комитетінің өкілі Цзяо Цайсяның айтуынша, жаңа қаржы құралдары биржалық қорлардың артықшылықтары мен инвестицияларды белсенді басқарудың әлеуетін ұштастырады.
Нарық қатысушылары мұндай ETF қорларының іске қосылуы сақтандыру компанияларының, зейнетақы қорларының және жеке инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, салыстырмалы түрде төмен шығындармен капиталды белсенді басқару стратегияларын пайдалануға жол ашатынын атап өтті.
Шанхай қор биржасының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйектің соңында онда активтерінің жиынтық көлемі 3,35 трлн юаньды (шамамен 499 млрд АҚШ доллары) құрайтын 943 ETF қоры тіркелген. Бұл ретте 1,7 трлн юаньға жуық қаражат, яғни барлық активтердің жартысынан астамы орта және ұзақ мерзімді инвесторларға тиесілі болды.