Бейжіңде Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы 17-ші қаржы-экономикалық диалог өтті. Кездесуге қатысушылар макроэкономикалық саясатты үйлестіру, екіжақты экономикалық қатынастарды дамыту және G20 аясындағы көпжақты ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аударды.
Диалогқа тең төрағалық еткен ҚХР қаржы министрінің орынбасары Ляо Минь әлемдік экономиканың ашықтығын сақтау және жаһандық қаржылық тұрақтылықты нығайту үшін Қытай мен ЕО-ның бірлесіп күш жұмсауы қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, әлемнің ірі экономикалары құрылымдық реформаларды жандандырып, макроэкономикалық саясатты үйлестіруді тереңдетіп, халықаралық өндіріс пен жеткізу тізбектерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.
Ляо Минь Қытайдың өзара ашықтықты кеңейтуге және Еуропалық одақпен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол еуропалық тарапты нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын сақтауға, қытайлық кәсіпорындарға бизнес жүргізу үшін әділ әрі кемсітусіз жағдай жасауға шақырды.
Өз кезегінде ЕО өкілдері қаржы-экономикалық диалогтың макроэкономикалық саясатты үйлестіру және Қытаймен практикалық ынтымақтастықты дамыту құралы ретіндегі маңызын атап өтті.
Еуропалық тарап өзара құрмет пен ашықтық негізінде сындарлы диалогты жалғастыруға, тең құқықты және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайын екенін білдірді.
Еуропалық одақ өкілдері қалыптасқан қайшылықтар мен келіспеушіліктерді реттеуге, сондай-ақ ЕО мен Қытай арасындағы экономикалық қатынастардағы тепе-теңдікті біртіндеп қалпына келтіруге ерекше назар аударды.