Қытай Сингапурмен екіжақты еркін сауда туралы келісімді 4.0 нұсқасына дейін жаңарту және екі елдің бір-бірінің нарығына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі келіссөздерді жеделдетуге дайын. Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян Бейжіңде Сингапур премьер - министрі Лоуренс Вонгпен келіссөздер барысында мәлімдеді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі өнеркәсіптік интеграцияны одан әрі тереңдету болмақ. Ли Цян қолданыстағы үкіметаралық жобаларды жаңғыртуды және жасанды интеллект, таза энергетика, қаржы және көлік логистикасы салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыруды ұсынды.
Қытайды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыстыратын Жаңа халықаралық құрлық-теңіз сауда дәлізін дамытуға ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ халықтың қартаюы, теңгерімді даму және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру секілді әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша тәжірибе алмасу перспективаларын, сондай-ақ туризм, мәдениет және жастар алмасуы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Келіссөздерде өңірлік экономикалық интеграция мәселесі маңызды орын алды. Ли Цян Қытайдың Сингапурдың 2027 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына (АСЕАН) төрағалық етуін қолдайтынын және Қытай мен АСЕАН арасындағы еркін сауда туралы келісімнің жаңартылған 3.0 нұсқасын жүзеге асыруда Сингапурмен ынтымақтасуға дайын екенін мәлімдеді.
Қытай тарапы сондай-ақ БҰҰ, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді күшейтуді, көпжақты сауда жүйесі мен әлемдік экономиканың ашықтығын қолдауды жақтады.
Өз кезегінде Лоуренс Вонг Сингапурдың Қытаймен экономикалық және технологиялық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Ол басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, цифрлық экономика, жасыл энергетика және көлік байланыстарын дамытуды атап өтті.
Сингапур премьер-министрі сондай-ақ Қытайды АТЭЫ-ға мүше экономикалар көшбасшыларының кездесуін табысты өткізуімен құттықтап, жан-жақты, жоғары сапалы және болашаққа бағдарланған екіжақты серіктестік аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.