Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі Қазақстанның төрағалығымен өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және құрметті қонақ ретінде шақырылған Беларусь қорғаныс ведомстволары делегацияларының басшылары қатысуда. Сондай-ақ, кеңеске Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы және Ұйымның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің директоры шақырылған.
Биыл Иран кеңеске Ұйымның толық мүшесі ретінде алғаш рет қатысып отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ШЫҰ-ға Беларусь те қосылады деп күтілуде.
Шетелдік делегациялардың назарына Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жүз жылдығына арналған мұражай экспозициясы ұсынылды.
Іс-шараны Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ашты. Ол кеңестің өңірлік, халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылау алаңы ретіндегі рөліне тоқталды.
Кеңесте ШЫҰ-ның құрылуы мен дамуы өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісіне маңызды үлес қосатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, халықаралық іс-шара аясында ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының бірқатар екіжақты кездесулері өтетінін айта кету керек.