Франция – Қазақстандағы ЕО елдері арасындағы ең ірі инвестор

3432
Photo by: MEAE / Emily Bücke

Қазақстан мен Франция инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға арналған Қазақстан-Франция бизнес-форумы өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Франция Республикасының Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары мәселелері жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен қатысты. Форум Қазақстан экономикасының негізгі салаларына — энергетика, агроөнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы және орнықты қалалық даму бағыттарына француз инвестицияларын тарту және әріптестікті кеңейту мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформаға айналды.

MEAE / Emily Bücke

Форум жұмысына мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері, Қазақстан мен Францияның іскер топтары мен салалық қауымдастықтарының өкілдерінен құралған 300-ге жуық делегат қатысты. Франция тарапынан Vinci, Sanofi, Schneider Electric, EDF, Veolia, Limagrain, Egis, Orano, Danone, Air Liquide, Bonduelle, Axens, Richel, IMV Technologies сияқты жетекші компаниялардың басшылары, сонымен қатар Францияның аймақтық сауда-өнеркәсіп палаталары мен MEDEF International ұйымының өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан Жамбыл және Қарағанды облыстарының әкімдері, салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың басшылары және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

MEAE / Emily Bücke

Форум аясында «Ынтымақтастықты нығайту, әртараптандыру және инновациялар — Қазақстан-Франция қарым-қатынастарының даму болашағы» тақырыбында пленарлық және төрт параллель панельдік сессия өтті. Панельдік сессиялар энергетика мен көлік инфрақұрылымын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік ынтымақтастық, денсаулық сақтау және биотехнологиялар, сондай-ақ орнықты қалалық даму және коммуналдық қызмет көрсету тақырыптарына арналды.

MEAE / Emily Bücke

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантыров Қазақстан мен Франция арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Франция — Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты әріптестерінің бірі. Бүгінде елімізде француз капиталының қатысуымен TotalEnergies, Orano, Alstom, Vicat, Danone, Air Liquide сияқты 170-тен астам компания жұмыс істейді. Франция Қазақстанның ең ірі он сауда серіктесінің қатарына кіреді және ЕО елдерінің ішінде инвестиция көлемі бойынша бірінші орында тұр — соңғы жылдары бұл көрсеткіш $17 млрд-тан асты. Өткен жылы $300 млн көлеміндегі алты бірлескен жоба жүзеге асырылды, ал қазір 20-дан астам бастама қаралуда. Біз француз бизнесінің Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз» Алибек Қуантыров

MEAE / Emily Bücke

Франция тарапынан сөйлеген спикерлер қазақстандық нарыққа қызығушылықтың жоғары екенін атап өтіп, басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Орнықты даму, өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері және екі ел компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

MEAE / Emily Bücke

Форумның қорытындысы ретінде әртүрлі салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Сонымен қатар B2B және B2G форматтарында екіжақты кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар нақты бастамаларды және мемлекеттер арасындағы практикалық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

DKNews International News Agency is registered with the Ministry of Culture and Information of the Republic of Kazakhstan. Registration certificate No. 10484-AA issued on January 20, 2010.

Theme
Autoreload
МИА «DKnews.kz» © 2006 -