Польшада Қазақстан-Польша тарихи комиссиясының алғашқы отырысы өтті

9031

2022 жылғы 6 маусымда Белосток қаласында Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар шеңберінде Қазақстан-Польша тарихи комиссиясын құру туралы Актіге қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Комиссияның алғашқы отырысы Қазақстанның Польшадағы Елшілігі мен Польшаның Қазақстандағы Елшілігінің құрметті патронатымен өткізілді.

Комиссия қазақстандық-поляк қатынастарының тарихы бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізудің жаңа кезеңін ашады, бұл қазақстандық отбасыларына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшада хабарсыз кеткен жақындарының тағдыры туралы және поляк отбасыларына  олардың Қазақстанға депортацияланған туыстары тағдыры туралы білуге мүмкіндік береді.

Комиссия Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайының қолдауымен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің жанындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Белосток қаласындағы Сібір естелік мұражайының дерекқор негізінде жұмыс істейтін болады.

Қазақстан тарапынан Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің жанындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Кабульдинов, поляк тарапынан Белосток қаласындағы Сібір естелік мұражайының директоры, профессор Войцех Слешиньский Комиссияның тең төрағалары болып тағайындалды.

Комиссияның алғашқы отырысының жұмысына 20-дан астам адам қатысты, оның ішінде екі елдің ғылыми-зерттеу мекемелерінің – Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің жанындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан Республикасы Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты, Белосток қаласындағы Сібір естелік мұражайы, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайы, Белосток қаласындағы «Катынь отбасы» қоғамы, Витольд Пилецкий атындағы ынтымақтастық пен ерлік институты, Седльце қаласындағы табиғи және гуманитарлық ғылымдар университеті, Белосток университеті, Торунь қаласындағы халықаралық пікірталастардың аймақтық орталығы, Торунь қаласындағы Николай Коперник университеті, Лодзь университеті және Лодзь қаласындағы Ұлттық естелік институты ғалымдары, профессорлары және басшылығы болды.

Іс-шара қатысушылары Сібір естелік мұражайында болды. Мұражай XVI ғасырдың соңы мен XX ғасырдың ортасындағы оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлерінің естеліктерімен тарихшылардың зерттеулері мен әңгімелерін біріктіреді. Мұражайда XX ғасырдың ортасындағы саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға депортацияланған поляктарға арналған экспонаттары да бар.

Мұражай аумағында үш фильм көрсетілді – «Өлімге дейін төрттен үш. Соңғы депортация» (2021 ж.), «Мен оларға еруім керек» (2018 ж.), «Ремедиум» (2021 ж.).

«Өлімге дейін төрттен үш. Соңғы депортация» фильмі депортацияланған поляк Валентин Яблонский мен қазақ жігіті Тасыбай Әбдікәрімовтің достығы туралы баяндайды.

2019 жылғы 19 маусымда Варшава қаласында Польша Президенті А.Дуда Түркістан облысының тұрғыны Т.Әбдікәрімовке «Virtus et Fraternitas» медалін табыс етті. Бұл медаль «XX ғасырдың тоталитарлық жүйелерінің құрбаны болған» поляктарға көмектескен тұлғаларға «адамгершілік пен оның қадір-қасиетін қорғаудағы ерлігі үшін» естелік пен алғыс белгісі ретінде тапсырылады.

Қазақстан делегациясының (7-10 маусым) сапары бағдарламасына Подляск воеводствосы басқармасында, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс мұражайында және Варшавадағы Ұлттық естелік институтының мұрағатында болу кіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -