Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы 2026 жылғы 8 мамырда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ресми ақпаратта:
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген.
Жаңа тағайындау өңірдегі кадрлық өзгерістер аясында жүзеге асып отыр.
Мұрат Ергешбаев туралы не белгілі
Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданындағы Жамбыл кеңшарында экономист ретінде бастаған. Кейін Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінде бөлім бастығы қызметін атқарған.
Әр жылдары:
- банк саласында басшылық қызметтерде болды;
- ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің "Өрт сөндіруші" акционерлік қоғамында вице-президент қызметін атқарды;
- Қызылорда қаласының әкімі болды;
- облыстық қаржы басқармасын басқарды;
- Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі қызметтерін атқарды;
- Алматы қаласы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары болды;
- "ҚазАгроӨнім" акционерлік қоғамында басқарушы директор қызметін атқарды;
- Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды.
Аудан әкімі және Мәжіліс депутаты ретінде қызмет етті
2017–2021 жылдары Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының әкімі болды. Ал 2021–2023 жылдары Сырдария ауданын басқарды.
2023 жылғы наурыздан бері ол VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметін атқарып келді. Мәжіліске AMANAT партиясының партиялық тізімі арқылы сайланған.
Нұрлыбек Нәлібаев жаңа қызметке ауысты
Қызылорда облысын 2022 жылғы 7 сәуірден бері Нұрлыбек Нәлібаев басқарған еді. Ол 2026 жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Осыдан кейін өңір басшысы қызметіне Мұрат Ергешбаев келді.