Атырауда бірінші халықаралық «Atyrau Chess Festival 2022» шахмат фестивалі өтеді

18997

2022 жылғы 15-24 тамыз аралығында Атырау қаласында «Atyrau Chess Festival 2022» атты алғашқы халықаралық шахмат фестивалі өтеді. Фестивальді көрнекті қазақстандық спортшы, әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырып отыр. Жарыстың жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Турнирдің мақсаты – Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру мен жас таланттарды іздеу.

Жарысқа 300-ге жуық шахмат жанкүйерлері қатысады - 260 қатысушы тіркелді, оның ішінде 9 елдің танымал халықаралық гроссмейстерлері мен халықаралық шеберлері - Қазақстаннан басқа АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей ойыншылары бар.

Фестивальдің ресми ашылуы 16 тамызға жоспарланған. Бағдарламада үш негізгі турнир жарияланған - «Atyrau Open», «Atyrau Juniors» және «Atyrau Blitz». Олардың әрқайсысының нәтижелері әйгілі швейцариялық жүйе бойынша бағаланады және ойындарды онлайн режимде www.chess.com , www.chess24.com , www.nxt.chessbomb.com сайттары мен фестивальдің www.atyrauchessfestival.kz ресми сайтынан көруге болады.

Шеберлік сабақтар мен бір мезгілде өтетін ойын сеансы күтілуде. Сондай-ақ, фестиваль аясында төрешілер емтиханды сәтті тапсырып, FIDE төрешісі атағын ала алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинары өткізіледі.

«Біздің фестивальдің мақсаты – Қазақстанда шахматтың спорт түрі ретінде жан-жақты дамуына үлес қосу. Турнир түрлі елдер мен жас өкілдерінің басын қосатын елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Шара аясында әрбір шахмат жанкүйері өзінің күшін «шайқас алаңында» тәжірибе жүзінде сынап көре алады. Фестивальдің барлық қатысушыларына тек сәттілік пен жеңіс тілеймін!» Динара Сәдуақасова, фестивальді ұйымдастырушы, бірнеше дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ 2019 жылы әйелдер арасында классикалық шахматтан Азия чемпионатында жеңіске жеткен Қазақстанның алғашқы өкілі

Жалпы кепілдендірілген жүлде қоры 13 257 500 теңгені құрайды. Сонымен қатар, Қазақстан-Британ техникалық университетінен (ҚБТУ) жоба аясында бакалавриат пен магистратураға арнайы гранттар бөлінеді. Грант иегерлерінің есімдері турнирдің жабылу рәсімі барысында жарияланады.

Фестивальдің көрермені болғысы келетіндердің барлығы Атырау шахмат фестивалі кезінде өтетін шеберлік сабақтары мен бір мезгілде ойнау сеанстарына тегін қатыса алады. Тіркелу үшін іс-шараның сайтында қосымша сілтемелер жасалады. Турнирлердің барысын тікелей Абай орталығындағы мониторлардан, сондай-ақ жоғарыда аталған сайттарда онлайн форматта бақылауға болады. 

Фестивальдің демеушісі – «AVC Production» ЖШС.

Іс-шараның серіктестері қатарына ҚБТУ, FIDE Халықаралық шахмат федерациясы, Динара Сәдуақасова, ізгі ниет елшісі болып келетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Атырау облысы және Атырау қаласының әкімдіктері, Somerset City Center Atyrau қонақ үйі кіреді.

Фестиваль туралы толығырақ ақпарат ресми сайтта, сондай-ақ турнирдің ережесінде берілген.

Фестивальдің мекен-жайы: Атырау қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 58, «Абай орталығы».

Динара Сәдуақасова – қазақстандық көрнекті шахматшы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер, халықаралық шебер. 11 жасынан бастап Қазақстан құрамасының мүшесі болып келеді. Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірнеше дүркін және абсолютті чемпион.

Сондай-ақ 14, 17, 18 және 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионы атақтары бар.

Д.Сәдуақасова түрлі елдерде, соның ішінде Швейцария, Нидерланды, Франция, Испания, Македония, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей, Вьетнам, т.б. елдерде өткен халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. 

2020 жылдың қаңтар айының басында Динара 9-шы орынды иемденіп, әлемдегі ең мықты 10 шахматшы әйелдің қатарына енді. 2020 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша ол әлемдегі ең мықты 100 әйел шахматшының ішінде 10-шы орынға ие. 

Азия шахмат федерациясы оны Азиядағы 20 жасқа дейінгі ең үздік шахматшы деп таныды. 2021 жылғы әлем чемпионатында спортшы планетаның ең мықты 8 шахматшысының қатарына енді. Динара Сәдуақасова сонымен қатар 2500 ELO межесін бағындырған алғашқы қазақстандық шахматшы.

«Құрмет» орденімен (2016), Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығымен (2017), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. 

Қазақстан спортының тарихында алғаш рет Д.Сәдуақасова FIDE Халықаралық шахмат федерациясының спортшылар комиссиясын басқарды. 

Сондай-ақ Динара жаңадан бастаған шахматшыларға арналған «Шахматтағы алғашқы қадамдар» (2014) атты қазақстандық тұңғыш кітаптың авторы болды, кейінірек «Шахмат ойнап үйренейік» (2018) атты жаңа еңбегі жарық көрді. Пандемия кезінде команда кез келген адам шахмат ойнауды үйрене алатын онлайн платформаны іске қосты. 

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап Динара Сәдуқасова қазір Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында өкілдік ететін жеке шахмат академиясын дамытуда. Академия аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген тәжірибелі бапкерлер (спорт шеберіне үміткерлерден халықаралық гроссмейстерлерге дейін) 4 жастан бастап балаларды кәсіби дайындықтан өткізеді. 4 жыл жұмыс барысында 5000 мыңнан астам бала «офлайн» форматында және 2500 бала «онлайн» форматында оқыды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -