Қазақстандағы Ақтау портының контейнерлік хабы жобасының бірінші іске қосу кешенінің бірінші кезеңі ресми түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды Xinhua.
Сарапшылардың пікірінше, бұл Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД) дамуына жаңа қуатты серпін береді.
Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан жоғарыда аталған жоба Әзірбайжанның Баку портын байланыстыратын және ТХКД-ның өткізу қабілеті мен тиімділігін арттыратын негізгі торап болып табылады. Мәліметтерге сәйкес, жобаның жалпы ауданы шамамен 19 гектарды құрайды және оның жобалық өткізу қабілеті жылына 240 000 стандартты контейнерді (TEU, жиырма фут эквиваленті) құрайды.
Қытай мен Қазақстанның көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмысы жылдарында Ляньюньган портындағы /Цзянсу повинциясы, Шығыс Қытай/ Қазақстан-Қытай логистикалық базасы, екі елдің шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» құрлық порты, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды.
Еске салайық, жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда. Бірінші кезең 9,1 га аумақты алып жатыр, аумақта 3 теміржол тиеу-түсіру желісі және 690-ға жуық контейнер алаңы салынды. Ол операциялардың толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді – контейнерлерді ауыстырып тиеу, кедендік тексеру және қауіпті жүктерді өңдеу.