Қазақстан: бөлшек инвесторлардың саны жыл басынан бері екі есеге өсті

803

Алматыда "Қаржы саласының нақты секторды дамытудағы ролі: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер" атты Қазақстан қаржыгерлерінің X мерекелік конгресі өтті. "Қор нарығы. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер" панельдік сессиясының шеңберінде KCSD Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қазақстандық инвестордың портреті бүгінгі күні қалай екендігі және шетелдік бағалы қағаздар шығарылымдарының саны неге артып келе жатқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

"Биылғы жылы Орталық депозитарий мен қор нарығы қиындыққа тап болды. Әңгіме Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттардың орасан зор өсуі туралы. Олардың саны 2022 жылдың 14 қарашасында шамамен жарты миллионға – 494 мыңға жетті. Сонымен қатар, қарашадан бастап қосалқы шоттардың 17 мыңға өсуі тіркелді. Жыл басынан бері қосалқы шоттардың көрсеткіштері 2,2 есе өсті. Бірнеше жыл бұрын брокерлік шоттардың бүгінгі саны қолжетімсіз болып көрінді. Қосалқы шоттар санының ең көп өсуі ақпанда тіркелді – 69 мың қосалқы шот ашылды. Қосалқы шоттардың үлкен бөлігі – 99% жеке тұлғалардың атына ашылды" Әділ Мұхамеджанов

Бөлшек инвестор жасара түсуде

Қазақстандық инвестордың портреті алдыңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгеріп, жасарып келеді. Жыл басынан бері 35 жасқа дейінгі брокерлік шот иелерінің саны үш есеге жуық өсті (2,9 есе).

2022 жылғы 14 қарашада 25-34 жастағы бөлшек инвестор тобы бөлшек инвесторлардың жалпы санының 30,8%-ін, 18-24 жастағы топ – 19,2% -ін, 18 жасқа дейінгі топ - небәрі 0,1% -ін құрады. Бұрынғыдай 35-54 жастағы топ ең көп үлесті алып отыр. Шындығында, жыл басынан бері бұл цифр 40%-тен 35,5%-ке дейін қысқарды. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқаруда-21,6%-тен 14,4%-ке дейін кеміді.

Брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны жыл басынан бері 2,4 есе өсті. Олардың үлесіне шамамен 44%, бөлшек инвестор-ерлер үлесіне-56% келеді. 

Ал аумақтық тұрғыдан алғанда, көшбасшылықты Алматы (21,5%), Астана (10,9%) және Түркістан облысы (9,4%) бөліседі. Сонымен қатар, Түркістан облысында жыл басынан бері қосалқы шот ұстаушылар саны 3,2 есеге, ал Астанада – 2,4 есеге, Алматыда – 1,9 есеге өсті. Брокерлік шоттардың ең азы елдің солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (1,5%) ашылды.

Oмнибус шоттардың танымалдығы да артып келеді

KCSD депоненттері омнибус шоттары арқылы қызмет көрсететін инвесторлар саны да өсуде. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап заңнамадағы өзгерістердің нәтижесінде Орталық депозитарийдің жергілікті депоненттері клиенттік активтерді агрегатталған есепке алу үшін омнибус шоттарын ашуға мүмкіндік алды. 

"Алғашқы омнибус шоттары 2021 жылдың желтоқсанынан бастап ашыла бастады. Ағымдағы күні Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде құралдарды агрегатталған есепке алу үшін депоненттің бес қосалқы шоты ашылды. Брокерлер ашқан және омнибус шоты арқылы KCSD-ге есепке алынатын жеке шоттардың саны ағымдағы жылдың 14 қарашасында шамамен 273 мың адамды құрады" Әділ Мұхамеджанов

Шетелдік активтердің саны өсіп келеді

2022 жылғы қазанның соңында KCSD-де депозитарлық қызмет көрсетуге қабылданған бағалы қағаздар шығарылымының саны жыл басынан бері екі есеге жуық ұлғайды, жыл басындағы 1 316 шығарылымнан 10 айдың қорытындысы бойынша 2186 шығарылымға дейін көбейді.

"Өсімнің негізгі себебі – KCSD-де депозитарлық қызмет көрсетуде тұрған шетелдік бағалы қағаздар шығарылымдарының ұлғаюы. Осы жылдың 1 қарашасында басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздардың индикативті көлемі 11 млрд доллардан асты. Сонымен бірге, ең үлкен сан американдық бағалы қағаздар шығарылымдарына тиесілі" Әділ Мұхамеджанов

Шетелдік бағалы қағаздардың жаңа шығарылымының жартысына жуығы (47,4%) облигациялар болды. Қазанның соңындағы шетелдік облигациялар шығарылымдарының саны жыл басынан бері үш еседен астамға өсті (165-тен 572 шығарылымға дейін).

Бейрезидент акцияларының үлесі азырақ (42,6%) болды. Орталық депозитарийдің депозитарлық қызмет көрсетуіндегі шетелдік акциялар шығарылымдарының саны да айтарлықтай өсті: жыл басындағы 143 шығарылымнан қазан айының соңында 515 шығарылымға дейін артты.

Шетелдік инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары қалған 10%-ті құрайды. Орталық депозитарийге депозитарлық қызмет көрсетудегі шетелдік инвестициялық қорлардың бағалы қағаздар шығарылымдарының саны 2022 жылдың он айында 14-тен 121 шығарылымға дейін сегіз жарым еседен астамға (8,6 есе) өсті.

"Бұл өсім негізінен шетелдік кастодиандардың, брокерлер мен депозитарийлердің шоттарында сақтаған қазақстандық инвесторлардың активтерін "репатриациялау" есебінен болып отыр. Біз Орталық депозитарийдің бейрезидент болып табылатын депоненттерінің тарапынан да белгілі бір қызығушылықты байқаймыз. Бізге қызмет көрсетуге қабылданған шетелдік бағалы қағаздар санының өсуі Орталық депозитарийдің клиенттік активтерінің өсуіне, қызмет ауқымының кеңеюіне және клиенттердің биржалық саудасы географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Бұның бәрі KCSD инфрақұрылымын өңірлік хабты дамытуға арналған плацдармға айналдырудың алғышарттарын жасайды" Әділ Мұхамеджанов

Ресейлік активтерге рұқсат беру механизмі

2022 жылғы наурызда Ресей үкіметі шетелдік инвесторлар үшін бағалы қағаздармен операцияларға шектеулер енгізді және Қазақстан азаматтарының кейбір бағалы қағаздары ресейлік есепке алу ұйымдарында бұғатталды. Орталық депозитарий Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне ҰЕД сілтеме жасай отырып, ресейлік бағалы қағаздардан және Ресей Федерациясының есепке алу ұйымдарынан қаражат шығару механизмін сипаттады.

"Біз бұғатталған бағалы қағаздар туралы айтатын болсақ, ҰЕД-дағы Қазақстанның Орталық депозитарийінің шотына қатысты шектеудің С типіндегі шот ретінде қойылғанын, яғни бұл шоттың пайдалануда шектелген шот екендігі туралы сөз қозғаймыз. Оған қағаздарды кіргізуге болады, ал ол жерден қағаздарды шығаруға болмайды. Онда барлығы 51 эмитенттің 47 акциялар шығарылымы және 21 облигациялар шығарылымы бар. Бұл шығарылымдардың индикативтік көлемі шамамен 35 млрд. рубльді құрайды. Олардың шамамен 94%-і облигацияларға тиесілі, жартысынан көбі Ресей заңнамасына сәйкес шығарылған Қазақстан Қаржы министрлігінің еуроноталарына тиесілі" Әділ Мұхамеджанов

Тамыз айында Мәскеу биржасы достық елдердің бейрезиденттерін Мәскеу биржасының акциялары мен облигациялары нарығына жіберуді жариялады. Орталық депозитарий ҰЕД-ға сүйене отырып, қазақстандық инвесторлардың активтерін аудару және оларды кейіннен сату үшін бағалы қағазды ұстаушының ресейлік брокерге жүгінуі, онда шот ашуы, осы қағаздарды KCSD арқылы есептен шығаруға және оларды ресейлік брокер арқылы есепке алуға тиісті бұйрықтар беруі тиіс деп түсіндіреді. Бағалы қағаздар есептелгеннен кейін оларды ресейлік брокер арқылы Мәскеу биржасында сатуға болады. 

Осы механизм бойынша бағалы қағаздарды KCSD шотынан ҰЕД-ға шығарудың алғашқы операцияларының жүргізілгені белгілі, бұл механизмнің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.

Орталық депозитарийді жаңарту

Орталық депозитарий цифрландыру бойынша да, бизнес процестер бойынша да трансформацияның белсенді кезеңінде.

"Біз қазір ұсынатын және енгізуді жоспарлап отырған қызметтер спектрі осы 25 жыл бойы болған классикалық депозитарий түсінігі шегінен әлдеқашан асып түсті. Біз белсенді жұмыс істейтін негізгі бағыттардың бірі – нарық қатысушылары үшін қызметтер спектрін кеңейту және бұрыннан бар клиенттік сервистердің ыңғайлылығын арттыру. Негізгі бастамалардың қатарында: клиенттердің жеке кабинеттерін пысықтау, талап етілмеген ақшаны есепке алу мен төлеуді автоматтандыру, корпоративтік іс-қимыл хабын әзірлеу және т.б. бар" Әділ Мұхамеджанов

Осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Корпоративтік іс-қимылдар экожүйесін әзірлеу бөлігінде шетелдік қағаздар бойынша корпоративтік іс-қимыл туралы хабарлау үшін автоматты өңдеу жүргізіледі. Сондай-ақ жыл соңына қарай KCSD эмитенттердің корпоративтік іс-әрекеттері туралы кейбір ақпаратты ашуды жоспарлап отыр. Бұрын бұл эмитенттердің өздерінің міндеті болатын.

"Қазірдің өзінде Орталық депозитарийдің Орталық Азия капиталының нарықтарына одан әрі кеңейе отырып, корпоративтік іс-әрекеттің өңірлік есепке алу хабының рөлін атқаруға әлеуеті бар. Депозитарлық сервистерді, банктік қызмет көрсетуді, биржадан тыс мәмілелерді тіркеуді, сондай-ақ теңгемен, АҚШ долларымен, еуромен, Ресей рублімен және қытай юанімен есеп айырысу мүмкіндігін қоса алғанда, қызметтердің кең спектрін ұсыну KCSD инфрақұрылымын өңірлік есеп айырысу хабы ретінде пайдалану үшін қолайлы жағдай жасайды" Әділ Мұхамеджанов
Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -