Қазақстан Қытаймен ғылыми әріптестігін дамытады

10275

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй бастаған делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жүздесуде құрметті қонақтарға университет жетістіктері таныстырылып, Қытайдың жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық барысы талқыланды.

Ректор өз сөзінде Қытаймен бірлесіп ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Бұл жұмыстарды әлі де жалғастыра береміз. ҚазҰУ-да инновациялық жобалар жеткілікті. Біз ғылымға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы тұрғыда Қытаймен бірлесіп университет аумағында ғылыми-инновациялық орталық немесе технологиялық парк ашуды ұсынамын» Жансейіт Түймебаев

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 43 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Атап айтқанда: Шанхай шет тілдері университеті, Бейжің университеті, Ухан университеті, Гонконг политехникалық университеті, Шыңжаң университеті, Бейжің шет тілдері университеті және т.б. 2019-2022 оқу жылдары ҚазҰУ-дың 79 білім алушысы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша Қытай университеттерінде тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ білім ордасының 37 ОПҚ өкілі конференцияларға қатысу үшін Қытайға барып, біліктіліктерін арттырған болатын. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 386 қытайлық студент оқып жатыр. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты жұмыс істейді.

Кездесуде бас консул Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік күн санап артып келе жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда ғылымды дамыту маңызды. Пандемия салдарынан біз үш жылымызды жоғалтып алдық. Сондықтан қазір екі есе жұмыс жасауымыз қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы университет. Сіздермен ғылыми бағытта серіктестікті одан әрі дамытуға ниеттіміз. Осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп, ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға дайынмын» Бас консул Цзян Вэй

Кездесу нәтижесінде тараптар аталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -