Бейбітшілікті сақтау және қақтығыс эволюциясы: АҚШ-тың бұрынғы елшісі ҚазҰУ-да көшбасшылық лекциясын оқыды

33957

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Пенсильвания университеті Халықаралық қатынастар мектебінің профессоры Деннис Джетт «Бейбітшілікті сақтау және қақтығыс эволюциясы» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесуге оқу орнының басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері мен студент жастар жиналды. 

Құрметті қонақты ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев таныстырды. Ол ғалым өмірінің маңызды кезеңдеріне тоқталды. АҚШ-тың бұрынғы елшісі Деннис Джетт – Пенсильвания университеті Халықаралық қатынастар мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Ол Тель-Авивте ғылым атташесі, сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік департаментінде бірқатар лауазымдарды атқарды. Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінде Президенттің арнайы көмекшісі және Африка істері жөніндегі аға директоры, АҚШ-тың Мозамбиктегі Елшісі болды. Перудегі демократияны нығайтудағы күш-жігері үшін 2001 жылы Перу Үкіметінің күн орденімен марапатталды, сондай-ақ Лиманың күнделікті La Republica және Frequencia Latina газеті, Channel 2 арнасының сыйлығын иеленді.

«Біз кездесу үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздің дипломат, ғалым, мемлекет қайраткері ретіндегі дәрісіңіз студенттердің кәсіби дамуы мен жеке өсуі үшін өте құнды» Жансейіт Түймебаев

Өз сөзінде шетелдік профессор университет шақыртуы үшін алғыс білдірді. Ол қазақ халқының қонақжайлығы мен дәстүрі, оқу орнының алға қойған биік жоспарлары және көне тарихына деген таңданысын жеткізді.

Бейбітшілікті сақтау тақырыбына арналған дәрісте Деннис Джет Аргентина, Израиль, Малави, Мозамбик және әлемнің басқа елдеріндегі қақтығыстарды шешу мәселелерімен тікелей айналысқан кездегі тәжірибесімен бөлісті.

«Неліктен бейбітшілікті сақтау біз үшін маңызды? Әлемнің басқа нүктесінде қақтығыс болған кезде екі нұсқа бар: оны елемеуге немесе халықаралық қауымдастықтың ықпалымен тоқтатуға болады» Деннис Джет

Дәріс соңында қатысушылар өздерін толғандырған түрлі сауалдар қойып, бейбітшіліктің құндылығы хақында пікір алмасты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -