Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Ереван мэрінің міндетін атқарушы Левон Оганнисянмен кездесіп, оның барысында екі елдің астаналары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Армян тарапы Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалап, Ереван мен Астана арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру мен тиісті екіжақты келісім жасасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Л.Оганнисянның айтуынша қазақстандық Sergek Development компаниясының «ақылды қала» пилоттық жобасы және QazTehna ЖШС-нің автобус пен құрылыс-жол техникасын өндіру және жеткізу жөніндегі ұсыныстар үлкен қызығушылықты тудырады.
Ереванның мэриясы туристік сектор мен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға қосымша серпін беретін екі астана арасында тұрақты әуе рейстерін іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, ү.ж сәуір айының соңында Ереванда өтетін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-армян үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысына қатысатынын растады.