ҚазҰУ ректоры CCTV арнасына берген сұхбатында университет жетістіктерімен таныстырды

5182

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация құрамында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында CCTV (China Central Television) мемлекеттік телеарнасына арнайы сұхбат берді. Ректор университет жетістіктерін таныстырып, ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университеті (ҚХР) филиалының ашылатыны жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сұхбатта университет басшысы QS WUR жаһандық рейтингінде 150-орынды иеленген еліміздің жетекші жоғары оқу орнының қызметіне тоқталды. ҚазҰУ-ға Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесі берілгенін атап өтіп, оқу орнының әлемдік білім беру кеңістігіндегі табыстары туралы айтты.

«Жақын арада ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылады. Біз Қытайдың жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтаса отырып, ауқымды әрі мүмкіндігі зор жобаға атсалысудамыз. Филиалда Қазақстан мен Орталық Азиядан келген студенттер инженерлік, электрондық ғылымдар және технологиялар, IТ саласы бойынша бакалавриат және магистратураның білім беру бағдарламаларында білім алады. Филиалды бітірген соң түлектер екі беделді университеттің дипломын алады» Жансейіт Түймебаев

CCTV телеарнасының сұрақтарына жауап бере отырып, ректор ҚазҰУ-да оқытушылардың ғылыммен айналысуына және студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалғанын атап өтті. Бүгінгі таңда университет елдегі ғылыми жобалар мен жарияланымдар саны бойынша жетекші орынға ие. ЖОО-да ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар, технологиялық парк, инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластері, коммерцияландыру кеңсесі жұмыс істейді.

«Университет қызметі бүгінде әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануға бағытталған. ҚазҰУ ғалымдары әлемдік жетекші ғылыми және зертханалық кешендер базасында халықаралық жобаларға тартылуда. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ғалымдардың ғылыми тағылымдамалар санын ұлғайту жоспарланған. Осы және басқа да ауқымды шараларды іске асыру ғылыми қызметті интернационалдандыруға және ҚазҰУ-дың халықаралық зерттеу кеңістігіне одан әрі интеграциялануына ықпал ететін болады» Жансейіт Түймебаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының Қазақстан делегациясы құрамында Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары жалғасуда. Сапар аясында ҚХР бірқатар университеттеріне бару және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою жоспарланған.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -