Қазақстанда шахматты дамыту жоспарлары: мақсаты – халықаралық тану

5437
Фотосурет: ҚШФ

Бүгін «Қазақстан шахмат федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс съезі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Съезге қатысушылар биыл 7-30 сәуір күндері аралығында Астанада өткен шахматтан әлем чемпионы атағын сарапқа салған матчтың қорытындысын; ҚШФ ревизиялық комитетінің 2022 жылы атқарған жұмысының нәтижесін; 2023 жылға арналған шахматты дамытудың кешенді жоспары мен федерация жоспарын; ҚШФ вице- президенттерін сайлау мен жаңа бөлімшелердің ашылуын; ҚШФ-ның жаңа редакциядағы Жарғысын талқылады.

Съезді ашқан Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов барлық делегатқа шараға белсенді қатысып, жемісті жұмыс атқарғандары үшін алғысын білдірді.

«Бұл съезд біз үшін өзекті мәселелерді тағы бір рет талқылауға және менің федерация президенті қызметіне кіріскен кезден бастап болған көптеген оқиға туралы есеп беруге мүмкіндік болып отыр. Біз федерацияның сабақтастығын сақтап, елімізде, әсіресе, өңірлерде шахматты бұқаралық спорт түрі ретінде дамыту жұмысын күшейтеміз» Тимур Тұрлов

Съезге қатысушылар бірауыздан ҚШФ-ның жыл басынан бері атқарған жұмысының тиімділігі мен нәтижелі болғанын атап өтті. 2023 жылдың айтулы оқиғаларының бірі шахматтан әлем чемпионы атағын сарапқа салған кездесу. Аталған турнирді 12 миллионға жуық қазақстандық көрермен тамашалады. Шахматтан әлем чемпионаты аясында 25-тен астам қосымша іс-шара өткізілді, оның ішінде Қазақстан Республикасы әйелдер құрамасының әлем құрамасына қарсы ойынын атап өтуге болады.

«Бұл нағыз тарихи оқиға болды, өйткені бұрын мұндай жарыстар елімізде тек үш рет ұйымдастырылып, тек ерлер арасында ғана өткізілген еді. Сонымен қатар, Халықаралық шахмат федерациясы мен ҚШФ-ның басшылығы жалпы білім беретін мектептер арасында бірінші командалық әлем чемпионатын өткізу туралы меморандумға қол қойды. Жарыс тамыз айында Ақтау қаласында өтеді. Оған әлемнің 50 елінен 350-ден астам мектеп оқушысы қатысады деп күтілуде» ҚШФ-ның бірінші вице- президенті Дәрмен Сәдуақасов

Съез барысында қатысушылар еліміздегі шахматты дамыту жоспарын талқыға салды. Бұған сәйкес 2027 жылы бастауыш сынып оқушыларының 20%-ын шахматпен қамтып, білім беру мекемелерінде 200-ден кем емес шахмат клубын ашу жоспарда бар.

ҚШФ-ның мақсаты – ұлттық құраманың, Қазақстан Республикасы шахматшыларының әлемнің үздік 10-ына енуі және 20 жасқа дейінгі қазақстандық шахматшылардың «халықаралық гроссмейстер» атағын алуы. Елімізде шахматты кеңінен насихаттау мақсатында педагог мамандарды даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға және халықаралық турнирлер мен басқа да шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінбек.

Сонымен қатар съезге қатысушылардың көпшілік дауысымен ревизиялық комиссияның 2022 жылы атқарған жұмысының қорытындысы мақұлданып, Қазақстан шахмат федерациясының жаңа редакциядағы Жарғысы бекітілді. Барлық аймақта жаңа бөлімшелер ашылып, ҚШФ шахматты дамытудың кешенді жоспарын алдағы жұмысының негізі ретінде басты назарға алады деген шешім қабылданды.

Ал федерация басшылығының құрамына келетін болсақ, ҚШФ-ның президенті оны өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Алайда вице-президенттердің бірі Абылай Тастамбеков зейнет жасына жетуіне байланысты өзін қызметінен босатуды сұрады. Тимур Турлов және съездің басқа да қатысушылары оған атқарған жұмысы үшін алғыстарын білдірді. Соның нәтижесінде съезге қатысушылардың жалпы дауыс беруімен ҚШФ-ның бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовты және ҚШФ вице- президенттері Александр Бабенко, Бикет Жароков пен Марат Есеновті өз қызметтерінде қалдыру туралы шешім қабылданды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -