Қазақстандық студенттер Шэньчжэнь қаласында (ҚХР) өткен "Huawei Global final ICT COMPETITION 2022-2023" халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Олардың қатарында ҚазҰУ Ақпараттық технологиялар факультетінің 3 курс студенті Аида Бегайдарова бар.
Huawei ICT Competition компаниясы ұйымдастырған байқаудың негізгі мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасу алаңында әлемдік ЖОО студенттерінің қарым-қабілетін көрсету.
А.Бегайдарова ҚазҰУ атынан Қазақстан құрамасы қатарында байқауға қатысып, ел намысын қорғады. Байқауға 74 мемлекет пен аймақтардың 2000-нан астам университеті мен колледжінен келген 120 мың студент қатысты. Байқау аясында қатысушылар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білімі мен тәжірибелік дағдыларын көрсетіп, жаңа технологиялар мен бағдарламаларды қолданудан бәсекеге түсті.