Қазақстан тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолында

4458

Қазақстанда жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Бұл ресми атаулы күн 1997 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді.

1920-30 жылдары қазақ халқы аштыққа ұшырап, елдің гендік қорына орасан зор зиян келтірілді. «Үлкен террор» жылдарында қазақ халқының зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың көпшілігі Кеңес өкіметін қолдағанына қарамастан, 1930-1950 жылдары олар қуғын-сүргінге ұшырады. 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңға жуық адам атылды. Осы жылдары А. Бөкейханов, Т. Рысқұлов, Б. Майлин, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов, А. Розыбакиев, И. Жансүгіров, С. Асфендияров, С. Сейфуллин, ағайынды Досмұханбетов және басқа да көрнекті қайраткерлер атылды.

Қазақстан аумағында барлығы Лагерьлер мен қамау орындарының Бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді: Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды түзеу-еңбек лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камыш, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері.

Көптеген жылдардан соң Қарлаг пен АЛЖИР Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тарихи мемориалдық кешенге айналды.

Қазақстанның тәуелсіздігімен саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары басталды. Тәуелсіз республикада алғаш қабылданған заңдардың бірі, биыл 30 жылдығы аталып өтіп жатқан 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң болды. 

1993-94 жылдары ведомствоаралық комиссия жаппай қуғын-сүргін жөніндегі құжаттарды құпиясыздандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізді.

2000 жылдары мемлекет пен қоғамдық институттар Қазақстанның орталық және облыстық архивтеріндегі бұрын жабық болған архив құжаттарын құпиясыздандыру жөніндегі кешенді жұмысын бастады, 1937-1991 жылдардағы құжаттардан, оның ішінде «ерекше папкалардан» құпиялық белгілері алынып тасталып, ғылыми айналымға «құпия» және «өте құпия» деген белгісі бар ондаған жүздеген құжаттар енгізілді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның қызметі тарихты зерделеу және оған архивтік зерттеулер жүргізу бойынша кешенді жұмыс негізінде жүзеге асырылады.

Комиссия мүшелері Қазақстан архивтерінде ауқымды жұмыс жүргізіп, жабық қорлар зерттеліп жатыр. Қуғын-сүргін құрбандарының тарихы зерттеліп, ведомстволық архивтер құпиясыздандырылып, архив құжаттары цифрландырылып, электрондық қорларды қалыптастыру мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұл ауқымы жағынан көлемді жұмыс жалғасын табады және жақын арада барлық жазықсыз зардап шеккендерге қатысты тарихи әділеттілік орнайды.

Д.А.Жүкенов, ҚР Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -