Орталықтандырылмаған әріптестік: Қазақстан мен Франция байланыстарды нығайтуда

2420

Қазақстан мен Франция арасындағы орталықтандырылмаған ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова жұмыс сапарымен Бретань аймағына барды. Сапар ҚР өңірдегі Құрметті консулы Жанар Авард-Туребаеваның қолдауымен өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сапар бағдарламасына Г.Арыстанқұлованың Ренн қаласының мэрі Натали Апперемен кездесуі кірді, оның барысында тараптар 1991 жылдан бері бауырлас болып табылатын Алматы мен Ренн қалалары арасындағы жемісті өзара іс-қимылды атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда-экономикалық және мәдени-білім беру ынтымақтастығын жандандыру, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру және қалаларды тұрақты дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Бретань аймағының Префектінің дипломатиялық кеңесшісі Жан-Батист Шованмен, Бретань халықаралық сауда агенттігінің басқарушы директоры Анни Бертеломен, SPACE ірі өңірлік аграрлық көрмесінің бас комиссары Анн-Мари Кеменермен және өңірдің бас хатшылығының ауыл шаруашылығы бөлімшесінің басшысы Ив Луимен келіссөздер жүргізді. Іс-шара барысында қазақстандық делегацияның SPACE көрмесіне және басқа форумдарға қатысу мүмкіндіктерін қоса алғанда, Бретань іскер қоғамдастығымен әріптестікті дамыту перспективалары, сондай-ақ бретон жоғары оқу орындарында инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы бейіндерінің мамандарын даярлау талқыланды.

Бретань аймағында болу барысында ҚР Елшісі қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатын өңірдің бірқатар компанияларына барды. Атап айтқанда, "Alliance Bio Expertise" өкілдері компанияның тамақ, фармацевтика, косметика, клиникалық және зерттеу зертханаларына арналған жабдықтар өндіру жөніндегі қызметін таныстырды. "MG2MIX" кәсіпорны мал азығында қолданылатын премикстерді өндіруге мамандандырылған жобаларды ұсынды.

Сапар аясында ҚР Елшісі Сент-Винсент лицейінде сөз сөйледі, ол И.Есенберлин атындағы №25 гимназиямен серіктестік байланысын дамытады. Оқу орнына бару барысында 2023 жылы екі бауырлас қала оқушыларының өзара сапарлары туралы фильм көрсетіліп, мектептер арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға қатысты пікір алмасылды.

Сол күні Ренн қаласының орталығында орналасқан "Алматы" саябағында қазақстандық дипломаттар, ҚР құрметті консулы Жанар Авар-Туребаева және Ренн-Алматы Бауырластық комитетінің өкілдері 2016 жылы ашылған Абай бюстіне гүл шоқтарын қойды. Олар сондай-ақ студент және Комитеттің белсенді мүшесі Камилла Авард француз тіліне аударған ұлы қазақ ойшылының шығармаларын оқыды. Қазақстандық елші екі қала арасындағы байланыстарды дамытуға және қазақстандық-француздық стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан көп жылғы үлесі үшін бауырластық комитетінің мүшелеріне алғысын білдірді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -