Израильдің жетекші «Рамбам» медициналық орталықтарының бірінде арнайы курстардан өткен 20 қазақстандық дәрігерге біліктілігін арттыру сертификаттарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Израильдегі Елшілігі, медициналық орталықтың және курстарды ұйымдастырушы – «СОМЕТ» Ғылыми-білім беру орталығының басшылығы қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тағылымдамадан Абай облысы әкімдігінің қолдауымен Семей қаласының көпсалалы ауруханаларының дәрігерлері өтті.
Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов аталған жиында сөз сөйлеп, Қазақстан мен Израильдің денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады. Осы тұрғыда ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына назар аударып, онда Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің рөлі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуда озық халықаралық тәжірибені қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 000-нан астам қазақстандық маман онкология, кардиология, нейрохирургия және басқа да бағыттар бойынша Израильдің белгілі медициналық орталықтарында оқыту мен тағылымдамадан өтті.
Оқыту мен практикалық тағылымдама Израильдің жетекші мамандарының басшылығымен өтуде. Оқу процесінде инновациялық компонентке ерекше назар аударылады. Осылайша, қазақстандық дәрігерлер заманауи медициналық технологияларды пайдалана отырып, Израиль мамандарымен бірге пациенттерді диагностикалау және емдеу мүмкіндігін зерделей алады.