Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның зейнетақы жүйесінің болашағы туралы

528

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2023 жылғы 28 қыркүйекте Алматы қаласында өткен «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту перспективалары» атты халықаралық дөңгелек үстелге (бұдан әрі – Конференция) қатысты. Бұл іс-шараны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды және ол Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 25 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Дөңгелек үстел зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылауға, оларды үздік әлемдік тәжірибелерді, зейнетақы қорларын реттеу мен қадағалау саласындағы стандарттар мен үрдістерді, сондай-ақ зейнетақы секторын дамытудың перспективалары мен бағыттарын ескере отырып шешуге арналды.

Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы зейнетақы активтерін басқару жүйесін дамытудың негізгі кезеңдері мен ерекшеліктерін, зейнетақы реформаларының артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтті, зейнетақы активтерін жеке басқару және зейнетақы аннуитеттік сақтандыру саласындағы негізгі жетістіктер туралы айтып берді.

«Басқарушы компаниялардың инвестициялық әлеуетін ұлғайту және зейнетақы жинақтарының көлемі аз салымшылардың өз зейнетақы активтерін басқару үшін мүмкіндіктерді кеңейту үшін 2023 жылғы шілдеде азаматтарға жеткіліктілік шегін есепке алмай, өз зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарын толық көлемде жеке басқаруға беру мүмкіндігі ұсынылды» Мәдина Әбілқасымова

Сонымен қатар, зейнетақы қызметтері нарығына жеке басқарушылардың неғұрлым көп санын тарту үшін халықаралық рейтингтік агенттіктердің «ВВВ»-ден төмен емес жоғары кредиттік рейтингімен ірі шетелдік басқарушы компаниялардың еншілес ұйымдарының зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілді.

Халық үшін зейнетақы аннуитеттік сақтандырудың қолжетімділігін арттыру үшін зейнетақы аннуитеті шартының құны төмендетілді, кейінге қалдырылған және бірлескен зейнетақы аннуитеттерін қоса алғанда, зейнетақы аннуитеті шарттарының жаңа түрлері енгізілді.

Қорытындылай келе, Мәдина Әбілқасымова реттеуші қабылдаған шаралар зейнетақы активтерін басқару сапасын арттыруға, институционалдық сұранысты нығайтуға оң әсер ететінін және отандық қор нарығын жандандыруға қосымша серпін беретінін атап өтті.

Конференция барысында мынадай түрлі бағыттар бойынша панельдік сессиялар өткізілді: халықтың қартаюы және зейнетақы реформасы; әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерімен қамту және халықты хабардар ету; инвестициялық стратегиялар; әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріндегі тәуекелдерді басқару және қадағалап реттеу; әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерінің болашағы.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -