Астанада атом өнеркәсібіндегі шағын реакторлардың технологиялары талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бүгін Астанада ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы, «Tor Altai Nuclear Consulting» компаниясы өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы мүдделі тараптармен атом саласында өзара іс-қимыл» тақырыбында екі күндік семинар басталды.
Семинар "Шағын модульдік реакторлар технологиясын жауапкершілікпен пайдалануға арналған базалық инфрақұрылым" (Fundamental infrastructure for responsible use of small modular reactor technology, FIRST) бағдарламасы бойынша Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы шеңберінде өтуде.
Бұл бағдарлама серіктес елдерге АЭХА-ның ядролық-энергетикалық бағдарламаларды іске асыру тұжырымдамасына сәйкес шағын модульдік реакторлар АЭС және басқа да озық реакторлық технологиялар бойынша бағдарламаларды қауіпсіз және жауапкершілікпен іске асыруға көмектесу үшін әлеуетті арттыруда қолдауды қамтамасыз етеді.
Семинар барысында қатысушылар шағын модульдік реакторлар саласындағы соңғы жетістіктермен және олардың жаһандық энергетикалық саясатқа әлеуетті әсерімен танысады, мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жөніндегі мәселелерді, сондай-ақ реакторлық технологияларды бағалау кезіндегі процестер мен тәсілдерді және т. б. талқылайды.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес біздің елімізде АЭС салудың орындылығы туралы мәселе жалпыұлттық референдумға шығарылатын болатынын айта кеткен жөн.
АЭС құрылысы болашақта электр энергиясының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге ғана емес, сонымен қатар ЖЭК-пен қатар елдегі төмен көміртекті генерацияның дамуына өз үлесін қосады.