Дамуға ресми көмек: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастық перспективаларын талқылады

5170
Фотосурет: ҚР СІМ

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның «Enabel» даму агенттігінің бас директоры Жан Ван Веттермен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу басында, Ж. Ван Веттер Қазақстандағы су тасқыны жағдайының тезірек тұрақталуына үміт білдірді.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Бельгия арасындағы дамуға ресми көмектің бірлескен бағдарламалары (Official Development Assistance) саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстандық дипломат бельгиялық ұйымды 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, агенттіктің әртүрлі елдердегі дамуға ресми көмек көрсетудегі маңызды рөлін атап өтті.

М. Баймұхан сондай-ақ «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қызметі туралы айтты. Орталық Азия мен Африка елдеріндегі «KazAID» жобаларына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, «Enabel» басшысы Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, Африка континентін цифрландыруды ілгерілету мақсатында «KazAID» агенттігімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін «KazAID» өкілдерімен кеңейтілген кездесу өткізуге келісті.

Әңгіме соңында, М. Баймұхан «Enabel»-дің басшысын Қазақстанға шақырды.

Анықтама: Қазіргі уақытта бельгиялық «Enabel» агенттігінде 2,2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, оның 2 мыңы «field» миссияларға қатысады. Агенттік 21 елде 170 жобаны жүзеге асырады. «Enabel»-дің жылдық айналымы 300 млн еуродан асады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -