Қазақстан мен ЕО Транскаспий дәлізін дамыту платформасын іске қосуда

6072
Фотосурет: ЕО

Еуропалық Комиссия мен Қазақстан Транскаспий көлік дәлізін дамыту жөніндегі Үйлестіру платформасын іске қосты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Астана - Жаңа құрылған Үйлестіру платформасы Транскаспий көлік дәлізінің қауіпсіздігі мен орнықтылығын арттыруға арналған. Аталған платформа Транскаспий көлік дәлізін Еуропа мен Азияны 15 күн ішінде немесе одан да қысқа уақыт аралығында байланыстыра алатын мультимодальды және бәсекеге қабілетті бағытқа айналдыру мақсатында оның функционалдығын кеңейтетін болады.

Іс-шара Орталық Азия елдерінің және дәліз бойында орналасқан басқа елдердің, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен Еуроодақ құрамына кірмейтін G7 елдерінің өкілдерінің қатысуымен өтті.

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту және көлік байланысын нығайту өңірлердің экономикалық өсуі мен өркендеуінде маңызды рөл атқарады.

«Үйлестіру платформасын құру бізге ортақ мақсаттарға жету үшін күш біріктіріп, тәжірибе мен пікір алмасуға бірегей мүмкіндік береді. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша үлкен әрі орнықты мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы аса маңызды бұл жұмысқа Армения, Әзірбайжан, Грузия және Түркиядан серіктестеріміздің шақырылғанын атап өткім келеді» Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі

Көлік министрі елдер мен ұйымдардың өкілдеріне бірегей платформаны құруға атсалысып, қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, Орталық Азия елдерін дамытуға бағытталған баға жетпес қолдауы мен жұмысы үшін Еуропалық Одаққа ризашылығын білдірді.

Еуропалық Комиссияның Халықаралық әріптестік жөніндегі бас директоратының жоғары дәрежелі кеңесшісі Хенрик Хололей мырза:

«Транскаспий көлік дәлізін дамыту үшін құрылған Үйлестіру платформасы – Орталық Азия мен Еуропаны жақындастыруға бағытталған ынтымақтастығымыздың аясында жасалған тың қадам. Тұрақты көлік байланысы аймақтың экономикалық өсуі мен оның Еуропамен өзара байланыстылығын нығайту үшін аса маңызды. Біз серіктестеріміздің даму және қоршаған ортаны қорғау мақсаттарына қол жеткізуде қолдау көрсетуге дайынбыз» Хенрик Хололей, Еуропалық Комиссияның Халықаралық әріптестік жөніндегі бас директоратының жоғары дәрежелі кеңесшісі

Еуропалық комиссияның ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директорының орынбасары Майя Бакран ханым былай деп қосты:

«Үйлестіру платформасы Транскаспий көлік дәлізінің Еуропа, Кавказ бен Орталық Азияны байланыстыратын мультимодальды, заманауи, бәсекеге қабілетті, орнықты, болжамды, жоғары технологиялы және жылдам бағыт ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Түрлі мүдделі тараптар арасындағы үйлестіру әрекеттері өзара ынтымақтастықты тереңдетуге және аймақтың тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді» Майя Бакран, Еуропалық комиссияның ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директорының орынбасары

Үйлестіру платформасы дәлізді ілгерілетуге және Орталық Азиядағы қатты және жұмсақ инфрақұрылым саласындағы басым жобаларды жүзеге асыру бойынша күш-жігерді бағыттауға көмектеседі. Платформа жұмысы, сондай-ақ, теміржол, автомобиль және порт инфрақұрылымына инвестицияларды ынталандыруға және үйлестіруге бағытталатын болады.

Еуропалық Одақ ұзақ уақыт бойы аймағымыздың сенімді серіктесі болып, инфрақұрылымды жақсарту, экономикалық байланыстарды нығайту мен орнықты дамуды қамтамасыз етуде қолдау көрсетіп келеді. Жаңа платформа аясындағы бірлескен жұмысымыз көлік инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, экономикалық байланыстарды барынша нығайтып, көлік дәліздерінің қауіпсіздігі мен орнықтылығын арттырады, көлік саласына инновациялық және озық технологияларды енгізуді жеделдетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -