Корей инженерлері Алматы-Астана автожолының құрылысын бақылайды

2816
Фотосурет: Gov

Астана-Алматы күре жолының құрылыс сапасын кореялық компаниялар бақылауда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Орталық-Оңтүстік дәлізіне жататын республикалық маңызы бар Астана-Алматы күре жолының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары аясында Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бұрылбайтал, Бұрылбайтал-Күрті және Шамалған станциясының айналма жолы жобалары жүзеге асып жатыр. Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 946 шақырым.

Өткен аптаның соңынан бері Көлік министрі Марат Қарабаев құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жол учаскелерінің басында. Министр құрылысқа жауапты мердігер ұйымдардың өкілдерімен де кездесуде.

Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Компания инженерлері техникалық қадағалауды жүргізіп, үнемі құрылыс басында.

Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде атап өткендей, учаскелердің бір бөлігі жаздың ортасынан бастап қолданысқа берілсе, қалған бөлігі 2024 жылдың соңына дейін халық игілігіне тапсырылады.

Мәселен, жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайтын Қарағанды-Балқаш күре жолының бойында айналма жолдар мүлдем қалған жоқ. Жоба аясында 11 көпір, ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін арналған 32 жол өтпесі, көлік айрығы және темір жол арқылы өтетін жол өтпесінің құрылысы толық аяқталды, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай - ақ, жолшылар асфальттың жоғарғы қабатын төсеп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы тосқауыл қоршауларын орнатуда. Нысанды 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Былтыр мамандар Балқаш-Бұрылбайтал күре жолының жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайтын 3 учаскесін пайдалануға тапсырды. Биыл қалған 3 учаске қолданысқа беріледі.

Жалпы ұзындығы 81 шақырымды құрайтын Күрті-Бұрылбайтал жолы биыл жазда тапсырылады. Қазір мамандар жол бойында абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар биыл жазда Шамалған бекетінің айналма жолы да қолданысқа берілмек.

Жоғарыда аталған жол учаскелері I-б техникалық санатына сәйкес төрт жолақты болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -