Қазақстандық білім берудің Оңтүстік Кореяға экспорты

2387
Фотосурет: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі отандық білім беруді жаһандандыру жолында маңызды қадам жасады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Министр Саясат Нұрбек Оңтүстік Кореяға сапары барысында Кенгидо провинциясының білім беру Кеңсесінің басшысы Им Тэ Химен меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі елге де пайда әкелетін және білім беру қызметтерін сәтті экспорттаудың үлгісі болатын ынтымақтастықтың басталуын білдіреді.

Қазіргі уақытта Кенгидо провинциясында білікті орыс тілді мұғалімдерге деген қажеттілік туындады. Бұл ретте қазақстандық оқытушылар шетелде бірегей жұмыс тәжірибесіне ие болып, кәсіби деңгейлері мен мәртебесін арттыратын болады.

Ынтымақтастық шарттары бойынша Корей тарапы ұшу, тұру және оқытушылардың ай сайынғы жалақысын төлеу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады. Келісімшарттар ұзарту мүмкіндігімен бір оқу жылына жасалады, бұл жұмыс пен дамуға тұрақты жағдай жасайды.

ҚР ҒЖБМ еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарынан 17 үміткерді іріктеп алды. Барлық үміткерлер корей және ағылшын тілдерін біледі, тілді білу – Оңтүстік Кореяның білім беру жүйесінде маңызды факторлардың бірі. Нәтижесінде Астанада Кенгидо провинциясының білім беру кеңсесі өкілдерінің қатысуымен өткен сұхбатқа 10 үміткер шақырылды.

Қатаң іріктеу қорытындысы бойынша ҚазҰУ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты және Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен 4 үздік кандидат таңдалды. Бұл оқытушылар өз жұмысын бастау және халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамытуға үлес қосу үшін бір айдан кейін Оңтүстік Кореяға барады.

Бұл жоба – мамандармен алмасу ғана емес, халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Қазақстандық білім берудің шетелге экспорты біздің педагогтардың жоғары біліктілігін көрсетеді және одан әрі даму үшін жаңа көкжиектер ашады. Бұл оқиға Қазақстанның әлемдік білім беру аренасындағы өзіндік ерекшелігін көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -