Қазақстан мен Түркия әскери әріптестікті қалай нығайтады

8239
Фотосурет: Gov

Бүгін Астанада ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов ішкі бақылау басқармасының бастығы полковник Мехмет Караман бастаған Түркия Республикасы Жандармериясының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Екі елдің ведомстволары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық аясында елімізге жұмыс сапарымен Түркиядан келген әскерилер әріптестерімен әскерді қаржылық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау және бюджетті іске асыру салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Біз Түркия Республикасының Жандармериясымен әріптестік пен өзара іс-қимылды дамытуға үлкен мән береміз. 2009 жылдан бастап түрік елі тарапымен қызметтік-жауынгерлік әрекет, оқыту және кадрларды даярлау мәселелері бойынша бірқатар келіссөздер жүргізілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында біздің делегацияның сапары өтті, оның шеңберінде Түркия Жандармериясының кадрлар даярлаудағы, әскери оқу орындары мен оқу орталықтарын материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі тәжірибесі зерделенді. Біз сіздер үшін әрқашан ашықпыз және қызметтік-жауынгерлік қызметтің түрлі салаларында тәжірибе алмасуға дайынбыз деп сендіргім келеді. Біз үшін Түркиядан келген әскери қаржыгерлердің сапары – бұл біздің өзара іс-қимылымыздың жаңа бағыты, бұл біздің ведомстволар арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Генерал-лейтенант Еркін Ботақанов

Бұдан әрі делегация мүшелері мен қабылдаушы тарап офицерлері таныстырылғаннан кейін қонақтарға «ҚР Ұлттық ұланының қызметтік-жауынгерлік қызметі туралы» және «ҚР Ұлттық ұланын қаржылай қамтамасыз ету туралы» баяндамалар жеткізілді. Содан кейін тараптар осы салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін қысқаша талқылады. 

Кездесу Түркиядан келген қонақтарды ведомстволық наградалармен марапаттаумен аяқталды. Осылайша, екі елдің ведомстволары арасындағы қызметтік-жауынгерлік әрекет мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өзара іс-қимылға қосқан үлесі үшін делегация басшысы полковник Мехмет Караман, Жандармерия штабының бюджетті атқару бөлімінің бастығы майор Онур Шоленташ, бюджетті қолдауға арналған шығыстарды атқару жөніндегі қызметкер шебер-сержант Садык Айкун және қаржы басқармасының қызметкері сержант Айхан Чаглыоглу «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сапар құрметіне қонақтарға естелік кәдесыйлар табыс етілді және іс-шараның барлық қатысушылары естелік ретінде суретке түсті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -