ЕО мен Орталық Азияның сауда-экономикалық ынтымақтастығы: жаңа көкжиектер

9460

ЕО мен Орталық Азия сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуде: ЕО «Global Gateway» стратегиясы аясындағы ХСО және ЭЫДҰ жобаларының жетістіктері мен болашақ жоспарлары, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жоғары деңгейдегі іс-шара Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын Орталық Азиядағы екі аймақтық жобаның жетістіктерін атап өтті: ХСО жүзеге асыратын Ready4Trade Central Asia және «Орталық Азия Инвест» бағдарламасының ЭЫДҰ стратегиялық құрамдас бөлігі. Бұл жобалар Орталық Азия елдерінің сауда реформаларын ілгерілету, бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, өзара байланыстылық пен аймақтық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігерлерін қолдайды.

Іс-шараға Орталық Азияның мемлекеттік саясатты әзірлеу бойынша жауапты тұлғалар мен жеке меншік және мемлекеттік секторларының негізгі мүдделі тараптары, сондай-ақ Еуропалық Одақтың, Халықаралық сауда орталығының (ХСО) және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдері қатысты.

«Еуропалық Одақ Орталық Азия үкіметтеріне халықаралық серіктестермен бірге, атап айтқанда ХСО және ЭЫДҰ-мен, бизнес-ортаны, сауда және көлік өзара байланыстылығын реформалау жұмыстарында ұзақ уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта біз Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірлесіп, Транскаспий көлік дәлізін Орталық Азия мен Еуропаны жақындата түсетін, бәсекеге қабілетті, мультимодальды және тұрақты бағытқа айналдыру үшін оның әлеуетін дамытуға күш салатын боламыз. Осы мақсатқа жету үшін біз ЕО-ның қаржылық қолдауымен ХСО және ЭЫДҰ жүзеге асыратын жаңа «Өркендеу» бағдарламасының басталуын асыға күтеміз» Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі
«Біз ЭЫДҰ мен ХСО-на Орталық Азияның сауда және көлік байланысын жақсартуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Біз аймақты байланыстырып, бәсекеге қабілетті ету үшін одан әрі ортақ жұмысты жалғастырамыз деп үміттенеміз» Жанель Кушукова, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі

ХСО-ның Ready4Trade Central Asia жобасы Орталық Азияның бес елінде аймақішілік және халықаралық сауданы дамытуда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Үкіметтермен тығыз жұмыс жасай отырып, аталмыш жоба сауда процедураларын жеңілдету және цифрландыру арқылы, оларды тиімдірек, ашық және арзанырақ ете отырып, трансшекаралық саудадағы кедергілерді жоюда қызмет атқарды. ШОБ-ты қолдау қажеттілігін мойындай отырып, жоба аясында ШОБ-ке арналған ұлттық сауда академиялары құрылды және жұмыс орнында жеке оқыту бағдарламалары әзірленді: бұл ШОБ-тың әлемдік нарыққа қатысу мүмкіндіктерін арттырды.

ЭЫДҰ жеке меншік секторды дамыту, интернационалдандыру, цифрландыру, сауда және көлік байланысы, және соққыларға төзімділік сияқты салалардағы реформаларды қолдайды. Осы мақсатта ЭЫДҰ өзінің негізгі күшті жақтарына негізделді: ЕО-ЭЫДҰ-Орталық Азия экономикалық ынтымақтастығын нығайту, озық тәжірибелермен алмасу және одан әрі реформаларға деген міндеттемелерге қол жеткізуге бағытталған жоғары деңгейдегі саяси диалог; мемлекеттік және жеке меншік секторлары арасындағы диалогты күшейту, деректерді жинау және әлеуетті арттыруды ілгерілету мақсатындағы ұлттық деңгейдегі семинарлар; саясат бойынша бағалау мен ұсыныстарды, жеке меншік секторындағы сауалнама нәтижелерін және елдердің озық тәжірибесін қамтитын дәлелді басылымдар. Жалпы алғанда, ЕО-ның «Орталық Азия Инвест» бағдарламасының стратегиялық құрамдас бөлігі аясында ЭЫДҰ үш офлайн және төрт онлайн министрлік іс-шараларын, 65-тен астам семинар өткізіп, 12 аналитикалық басылым дайындады.

ЕО-ның қаржылық қолдауымен ХСО және ЭЫДҰ жүзеге асыратын алдағы Өркендеу бағдарламасы Орталық Азия мен ЕО арасындағы өзара байланыс пен экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуда шешуші рөл атқарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -