Қазақстан мен ЕҚЫҰ журналистер қауіпсіздігінің маңыздылығын талқылады

2893
Фотосурет: Gov

Алматыда журналистердің қауіпсіздігін нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) журналистердің қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі «Тақырыптардан тыс: БАҚ бостандығын ілгерілету үшін журналистерді қорғау» тақырыбындағы өңірлік іс-шараға қатысты.

Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Тереза Рибейроның офисі ұйымдастырды. Оған Орталық Азия елдері мен Моңғолиядан бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми топтардың және азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ЕҚЫҰ өкілінің БАҚ бостандығы жөніндегі офисі қатысушыларға журналистердің қауіпсіздігіне қатысты ұлттық құралдар мен бастамаларды, оның ішінде Офис әзірлеген ұсыныстарды – «Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құралдар жинағы» және «Журналист әйелдерге қатысты онлайн-зорлық-зомбылықты мониторингтеу жөніндегі нұсқаулықты» ұсынды.

Т. Рибейро бұқаралық ақпарат құралдары бостандығының, демократия мен қауіпсіздіктің маңызды негізі ретінде журналистердің қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған оң бастамалар туралы ашық пікір алмасу алаңы ретінде әрекет ететін осындай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, Р. Василенко Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап ЕҚЫҰ-мен және Ұйым ішінде көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту еліміздің сыртқы саясатының стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылатынын мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформаларды іске асыру кезінде Қазақстан дамуының тұжырымдамалық көзқарасына толық сәйкес келетіні аталып өтті. Жүйелі трансформация барысында Қазақстан БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардың үздік тәжірибесі мен ұсынымдарын ескеруде.

Осыған байланысты қазақстандық дипломат Т. Рибейроға Мемлекет басшысы 2024 жылғы 19 маусымда қол қойған «Масс-медиа туралы» ҚР Заңының жобасына БАҚ бостандығы жөніндегі өкілінің офисі әзірлеген сараптамалық ұсыныстары үшін алғысын білдірді.

Р. Василенко еркін және тәуелсіз БАҚ тұрақты даму, адам құқықтарын қорғау және демократияны нығайту үшін негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, журналистердің қауіпсіздігі – сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығына жалпыға бірдей және ажырамас құқықты жүзеге асыру үшін қажетті шарт.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов іс-шарада сөйлеген сөзінде ел басшылығының журналистердің жұмысы үшін барынша қолайлы жағдай жасау, сөз бостандығын қорғау, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқықтық негіздерді құру және нығайтуға бағытталған берік ұстанымын атап өтті. Ол «барлық халықаралық стандарттарға, қазақстандық журналистік қоғамдастықтың үміттері мен ұмтылыстарына барынша жауап беретін» Масс-медиа туралы жаңа заң енгізген новеллалар туралы толық ақпарат ұсынды. Қ. Ысқақов журналистердің, оның ішінде өңірлік деңгейде қауіпсіздігін нығайту мақсатында ЕҚЫҰ өкілінің Офисімен және журналистермен одан әрі тығыз ынтымақтастыққа бейілдігін атап өтті.

Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар ЕҚЫҰ мен Қазақстанның сындарлы әріптестігін жалғастыру, атап айтқанда, сөз бостандығын қорғау және журналистердің құқықтық кепілдіктерін жетілдіру үшін ҚР Үкіметі қабылдайтын жүйелі шараларды жүзеге асыруда уағдаластыққа қол жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -